Алматыда жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап.
Алматыда жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап.
"Гоголь - Зенков - Мақатаев - Абдуллин көшелерінің шаршысында ішкі істер органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. Tengrinews.kz тілшісі оқиға орнынан Қалдаяқов көшесінің бойындағы Interfood супермаркетінің және AlMed емханасының қоршауға алғанын хабарлады. Гоголь көшесінің Көк базар жағы да қоршауға алыныпты.
Полиция қызметкерлері Мақатаев пен Гоголь көшелерінде тұр. Көк базар мен "Рахат" кондитерлік фабрикасы қоршауға алынды. Оқиға орнында жедел жәрдемнің, газ қызметінің, құтқару қызметінің бірнеше бригадасы жүр. Бұл аймақта көлік қозғалысы қиындады.
"Барлық азаматты тыныштық сақтауға шақырамыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің талаптарын орындауды сұраймыз. Тек ресми мәліметті алып, жалған мәліметтерді таратпауды сұраймыз. Жалған мәлімет таратушылардың ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын еске саламыз", - деп хабарлады қалалық ІІД өкілдері.
Фото және видео: Tengrinews.kz
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болғандығы анықталды. Ол Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлікбаев болып шықты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі арандатушылықтарға сенбеуге шақырды. Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Президенті қаладағы жағдайды тұрақтандыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қажетті көмек көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Алматыға ұшып, шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді. Министр төрт бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.