Алматыда велосипед ұрлаумен айналысқан әйел ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ол тұрғындардың екі дөңгелекті көліктерін үйдің кіреберісіне жиі қалдырып кететінін пайдаланған.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті үй аулаларындағы бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды. Полиция арыздардың келіп түсуі жиілеп кеткеннен кейін үй аулаларына құрылған бейнекамералардағы деректерді талдап шықты.
"Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы мен криминалдық полиция қызметкерлерінің назарына үйлерге кіріп, велосипедпен шығып жүрген әйел ілікті. 43 жастағы күдіктінің бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Ол мүліктік және есірткі қылмысымен айналысқан. Біреудің мүлкіне қол салу бойынша күдіктінің 5 қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді, ол ересектермен қатар балаларға арналған велосипедтерді де ұрлаған", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Алматы қалалық ІІД мәліметтеріне қарағанда, бүгінде қалада 930 аулаға 8,5 мың бейнекамера орнатылған.
Еске сала кетейік, бейнебақылау камераларының Алматыда 51 қылмысты ашуға көмектескені туралы бұған дейін хабарланған болатын. "Арнайы талдау камералардың көмегімен 2014 жылы 51 қылмыс ашылып, 32 356 заңбұзушылықтың анықталғанын көрсетті", - деп хабарлады қалалық полиция.