Алматыда балалардың қалтасын қағумен айналысқан алаяқ әйел ұсталды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оның бір ай бұрын түрмеден шыққаны белгілі болды.
Алматыда балалардың қалтасын қағумен айналысқан алаяқ әйел ұсталды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оның бір ай бұрын түрмеден шыққаны белгілі болды.
Әйелдің ісін Түрксіб ауданының полицейлері әшкереледі. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Алматы облысы Іле ауданының 38 жастағы тұрғыны тек қана балаларды алдаумен айналысқан. "Бұл азаматшаның кезекті құрбаны 15 жастағы қыз болды, ол бейтаныс әйелді аялдамадан кезіктіреді. Алаяқ әйел қыз баланы әңгімеге айналдырып, жақын маңдағы емханаға қалай баруға болатынын сұрайды, кейін жасөспірімнен үйіндегі бағалы заттарды алып шығуға көндіреді. Сөйтіп, жалпы сомасы 680 мың теңгенің қымбат заттарына қол жеткізеді. Қыз бала болған оқиғаны ата-анасына бірден айтпаған. Кейін барып полицияға оның анасы ресми түрде шағымданып, күдіктінің қандай екенін толығырақ суреттеп береді. Оның үстіне, шағымданушының айтуынша, қыз баланың оқиғаның кейбір сәттерін есіне түсіре алмағанына қарағанда, қылмыскер әйел гипнозды қолданған болуы мүмкін", - дейді Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасы жанындағы полиция бөлімінің басшысы Болат Тотыбаев.
Тергеудің бастапқы кезінде-ақ полицейлер күдіктінің бұрын да алаяқтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады, оның түзеу мекемесінен шыққанына бір ай ғана болған. "Балалардың халықтың қорғалмаған бөлігі екенін ескеріп, алаяқ әйел соларды ғана құрығына алатын болған. Бұл азаматшаның бұрын да балаларды алдап, тонағаны үшін әділетті түрде жазаланғаны анықталды. Бірақ еркіндікке шыққаннан кейін ол бұрынғы әдетіне қайта басқан. Қазіргі уақытта қылмыстық іс фигурантының басқа қылмыстарға қатысы анықталып жатыр. Соған байланысты азаматтарды өз балаларына түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және бейтаныс адамдармен сөйлесуде қандай қауіпсіздік шараларын ескеру керек екенін ұғындыруға шақырған дұрыс болады", - дейді Тотыбаев.