Полицейлер Алматы облысының 24 жастағы тұрғынын бірнеше автомобильді айдап әкетті деген күдікпен ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
Полицейлер Алматы облысының 24 жастағы тұрғынын бірнеше автомобильді айдап әкетті деген күдікпен ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
Ведомстводағылардың айтуынша, күдікті қылмысты Алматыда және облыста жасағанын мойындады.
"Жетісу ауданында Mercedes маркалы автокөлік айдап әкетілді деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің қайда екенін анықтадық. Алайда сол кезде күдікті басқа "Фольксваген" маркалы автокөлігін айдап әкеткен болып шықты. Күдіктінің өзімен бірге ешқандай құжаты болмады және ол өзі жайлы жеке мәлімет беруден бас тартты", - деді Алматы ІІД-нің Криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Есен Исқақов.
"Күдіктінің аты-жөні анықталғаннан кейін оның Алматы облысының аймағында жасаған қылмыстары үшін іздеуде жүргені және оған қатысты сырттай қамауға алу туралы шешімнің қабылданғаны анықталды", - полиция подполковнигі.
Исқақовтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта күдіктінің шамамен осыдан бір ай бұрын Алатау ауданының Өжет ықшамауданында жоғалып кеткен Mazda маркалы автокөлігіне қатысы бар екені анықталды. Сондай-ақ, ІІД өкілдері күдіктінің осыған дейін біреудің мүлігін жымқырғаны үшін сотты болғанын айтып өтті.
Қазіргі уақытта 24 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.