Алматыда тапа тал түсте жалған полицей Үндістаннан келген студенттерді пышақпен қорқытып, тонағысы келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда тапа тал түсте жалған полицей Үндістаннан келген студенттерді пышақпен қорқытып, тонағысы келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Университет маңында шетелдік төрт студентті тонап кетті. Белгісіз бір ер адам өзін полицей деп таныстырып, құжаттарын көрсетуін талап еткен. Алайда студенттер "полицейден" қызметтік куәлігін көрсетуін сұраған. Себебі ол полицей формасында болмаған. Содан ол студенттерді пышақпен қорқытып, ақша мен ұялы телефондарын сұрай бастаған. Студенттер онымен дауласпай, сұраған заттарын беріп, бірден полицейлерге хабар берген", - деді Алмалы аудандық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкері, полиция капитаны Талғат Жұмабаев.
Сондай-ақ, куәгерлер қарақшының заттарды алып кетіп, жол бойында такси тоқтатқанын айтқан.
Осылайша, құқық қорғау органдарының қызметкері видеобақылау камерасындағы жазбалардан таныс адамның түрін көрген, яғни, ол осыдан үш жыл бұрын ұсталған қарақшыны таныған.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті табылып, оның қамаудан былтыр 30 желтоқсанда шыққаны анықталды. Ал бірнеше күннен кейін қылмыстың мән-жайы анықталып, қарақшы қамауға алынды", - деді Талғат Жұмабаев.
Сондай-ақ, Медициналық университеттің басшылығы осы қылмыстық істің мән-жайын анықтаған полицейге алғыс білдірді.