Алматыда арақ дайындайтын астыртын цех әшкере болды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматыда арақ дайындайтын астыртын цех әшкере болды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, күдікті сапасыз өнімдерін бірнеше өңірдегі шағын дүкендерге емін-еркін сатып келген.
Заңсыз пайданың көзін тапқан жігітті Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің мамандары анықтапты. Алдымен олар күдіктінің дайын өнімдерді тасымалдайтын көлігін ұстаған. Әрі қарай тексере келе машинадағы арақтардың астыртын цехта дайындалғаны белгілі болды. Цехты тінту барысында қаптаған шөлмектегі дайын ішімдік, мың литрден аса спирт, жалған акциз маркалар тәркіленді.
"Жыл басынан бері жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында Алматы қаласы аумағында 6 астыртын цехтің жұмысы анықталған болатын. Бұл астыртын цехтің бәрінде спирттік өнім жасаған. Көбінесе бұл спирттік өнімдер нарықтық бағадан төмен және қаланың шетіндегі кішігірім дүкендерде сатылу фактілері анықталған болатын", - дейді Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.
Телеарнаның мәліметінше, қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Әзірге күдіктінің жұртты арзан арақпен қанша уақыттан бері қарық қылып келгені белгісіз. Күдікті енді 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.