Алматыда тергеу абақтысының қызметкерлері жазасын өтеп жатқан әйелді жабылып зорлады деп айыпталды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматыда тергеу абақтысының қызметкерлері жазасын өтеп жатқан әйелді жабылып зорлады деп айыпталды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Тілшілердің мәліметінше, 32 жастағы Наталья Слекишина 155/18 мекемесінде жатқанда 4 азаматтың жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін айтқан. Ол тіпті сол кезде жүкті болып қалған. Бірақ жақында ғана туылған баланың әкесі кім екені белгісіз. Ал қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері тағылған айыппен келіспейтінін айтып отыр.
32 жастағы Наталья Слекищина тергеу қапасында талай қорлық көргенін айтады. Өткен жылдың тамызында сондағы 4 қызметкер оны зорлап кеткен көрінеді. Содан кейін ол жүкті болып, жуырда ғана қыз баланы дүниеге әкелген. Бірақ Нәзира деген ат қойылған нәрестенің әкесі төртеудің қайсысы екені белгісіз.
"Олар төртеу болды. Сондықтан баланың әкесі кім екенін білмейміз. Қазір ДНК-ның нәтижесін күтіп отырмыз. Жедел уәкіл, режим бастығы, күзетші және старшина қосылып зорлады. Міне, 10 ай өтті. Ешқандай қозғалыс байқалмайды. Шағым жазбаған жерім жоқ. Тек қылмыстық істің қозғалғаны туралы жазылған қағаз аламын. Қазір бас прокуратураға жазып жатырмын", - деді жәбірленуші Наталья Слекишина.
Баланың әкесін анықтайтын сараптама Натальяның өзі шағым түсіргеннен кейін тағайындалған. Тек 10 ай бойы нәтижені күтіп шаршапты. Түрме қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс те қозғалған екен. Бірақ, жәбір көрген әйел істің де шала жүргізіліп жатқанын айтып отыр.
"Натальяның өзі алаяқтық үшін сотталған. Қазір Алматы облысындағы Жауғашты түрмесінде. Оның осында туылған Нәзирадан бөлек 2 баласы бар екен. Олар жаңа бауырлары барынан бейхабар. Әйел зорлықшылар жазаға тартылса деп отыр. Алайда тергеу абақтысының басшылығы да, аталған төрт қызметкер де тағылған айыпты мойындаған жоқ", - деп хабарлады телеарна тілшілері.
ЛА-155/18 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сергей Куриловтың айтуынша, әйелдің өзі тергеуге, сот отырыстарына барып-келіп жүрген. "Оның сол жақтарда жүкті болып қалуы да мүмкін. Бәрін тергеу көрсетеді. Дегенмен, қызметкерлеріміздің мұндай әрекетке бармайтынына сенімдімін", - деді ол.
Айта кетейік, кінә тағылып отырған 4 азамат та осы мекемеде ұзақ уақыттан бері қызмет етіп келеді. Бәрінің жасы 35-тен асқан. Бала-шағалары да бар.
Қазір айыпталған 4 қызметкер де жұмыс орнына емін-еркін келіп жүр. Ал, түрмеде отырған әйелді зорлағандары дәлелденсе, қызметтен қуылып қана қоймай, тиісті жазаға тартылатын болады. Бірақ, бұл Наталья Слекищинаның жазасын жеңілдетуге көмектеспек емес. Яғни, ол қандай жағдайда да тиісті 8 жыл мерзімін өтеп шығуға міндетті. (Дереккөз: КТК)