Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 28 жастағы банкир Нұршат Розиевтің өлімі бойынша сот тыңдауы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Оның мәйіті 9 қыркүйекте Алматы түбінде табылған еді.
Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 28 жастағы банкир Нұршат Розиевтің өлімі бойынша сот тыңдауы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Оның мәйіті 9 қыркүйекте Алматы түбінде табылған еді.
Қылмысты жасады деген күдік 22 жастағы Жандос Байзақов пен Аслан Райбаевқа түсіп отыр. Кезекті сот тыңдауы барысында куәгерлер кісі өлтіру оқиғасына қатысты көрсетпе берді. Розиевтің туыстарының айтуынша, оқиға 2016 жылдың наурызында марқұм тұрып жатқан Түрксіб ауданындағы Алмерек ауылынан басталған. Түнгі уақытта банкир мас күйінде Nissan Primera көлігімен жол бойында тұрған Daewoo Nexia маркалы автомобильді соққан. Ол жауапкершіліктен қашуды ойлап, оқиға орнынан жасырынған. Айыптау актісіне қарағанда, Розиевті танитын Байзақов пен Райбаев оқиғаның куәгері болған. Тергеудің мәліметінше, олар сол күні банкирдің үйіне келіп, ауызбастырыққа 100 мың теңге талап еткен.
Осы кезде үйден банкирдің әйелі шыққан, ол 2016 жылдың мамырында онымен ажырасқан екен. Қыз куәгерлерді танитын болып шыққан. Олар бір мектепте оқыпты. Сотта әйел куәгерлерге күйеуінің жеке куәлігін бергенін және кейінірек ақшаны Розиевтің әкесі жеткізіп беретінін айтып, келіскенін айтты. Кейін куәгерлер талап еткен қаражаттың сомасын 30 мың теңгеге дейін азайтыпты делінеді. Осылай келіскен Байзақов пен Райбаев марқұмның үйіне келесі күні келген. Олар Розиевтің әкесімен сөйлескенде ол ешқандай да ақша бермейтінін, себебі мұның бопсалау және қылмыс екенін айтады. Розиевтің әкесі Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында баласының құжатын тартып алып, куәгерлерді үйден қуып жібергенін айтты. Сол күні ол Daewoo Nexia көлігінің иесіне барып, келген шығынды өтепті.
"Осыдан кейін Байзақов пен Райбаев Розиевтен ақша алу үшін бірнеше рет телефон соққан. Қыркүйектің басында олар кездесіп тынады. 4 қыркүйекке қарағанда түні сағат 3.00-де сотталушылар Розиев тұрып жатқан үйдің алдына келген. Айыптау актісіне сәйкес, осы кезде олар төбелескен, сотталушылар Нұршат Розиевті ұрып-соға бастайды. Розиев сытылып шығып, үйіне қашып кірген, оның артынан Байзақов пен Райбаев та кірген. Үйде төбелес жалғасқан, кейін Райбаев асхана пышағын алып, Розиевті пышақтаған", - деді жәбірленушілердің мүддесін қорғайтын адвокат Хаким Молотов.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, банкир оқиға орнында қаза тапқан. Кейін сотталушылар оның мәйітін көрпеге орап, көлікпен ауыл сыртына жеткізіп тастаған. Тергеудің мәліметінше, олар мәйітті өзенге тастап, марқұмның үйіне оралған. Қайтып келген сотталушылар үйді тонап, қылмыс ізін жасыру үшін өртеген. Тергеу кезінде олардың екі теледидар, дыбыс зорайтқыш аппарат, Samsung Note 2 телефоны және 577 мың теңгеге бағаланған заттарды тонап кеткені анықталды. Сонымен қатар, өрттің салдарынан Розиев пен оның экс-әйелінің жеке заттары бүлінген. Әйел материалдық шығынды 1 миллион 782 мың теңгеге бағалап отыр.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, сотталушылар Розиевтің көлігін көрші ауылға апарып, қалдырып кеткен. Жымқырған заттарын таныстары арқылы сатып жіберген. Бұл істерін олар мойындап та отыр. Сот тыңдауы барысында Байзақов пен Райбаев моральдық және материалдық шығынды толықтай өтеп беруге дайын екенін мәлімдеді. Алайда олар материалдық жағдайын есепке ала отырып, соттан қорытынды соманы шығарып беруді өтінді. Айта кетейік, Нұршат Розиевтің ата-анасы моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге және жерлеу рәсіміне жұмсалған материалдық шығын ретінде екі миллион теңге талап етіп отыр.
Ал адвокат Молотов сотталушылардың ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша айыпталып отырғанын айтты. Қорғаушының айтуынша, сотталушылар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сотта Байзақов Розиевті жалғыз өлтіргенін, ал Райбаевтың басқа қылмыстарды жасауға көмектескенін айтты.
Еске салайық, Розиев 3 қыркүйекте жоғалып кеткен болатын. Қазақстандық банктердің бірінде бөлімше басшысы болып қызмет ететін оны соңғы рет 3 қыркүйекте кешкі 18.00 шамасында көргендер бар. Ол жаттығудан кейін үйіне қайтып келе жатқан. Келесі күні таңғы уақытта көршілері Розиев тұратын үйден өрт шыққанын байқаған. Өрт сөндіріліпті, бірақ үй иесі мен оның көлігі болмаған. Кейін күдіктілер 15 қыркүйекте ұсталған еді.