15 тамыз 2019 09:59

Алматылық бойжеткен өгей әкесінің 13 жастан бері зорлап келгенін айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда 42 жастағы азаматқа қатысты заңсыз қару-жарақ сақтады, өгей қызын зорлады деген күдікпен тергеу басталды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. 


Алматыда 42 жастағы азаматқа қатысты заңсыз қару-жарақ сақтады, өгей қызын зорлады деген күдікпен тергеу басталды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Күдікті - Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Жезөкшелерге сутенерлік жасағаны үшін ұсталған оның өзге де қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр. Травматикалық қару болған азамат Шам елінде жихад жасауға дайындалған көрінеді. Ал осы өгей әкесінен 4 жылдан аса зорлық көргенін айтқан бойжеткен қазір психологтардың бақылауында.

Күдіктінің әйелі болса, бұрынғы күйеуінің үйқамақта отырғанына наразы.

Өгей әкемнен зорлық көрдім деген Жәнел оның атын естісе кеудесіне өксік тығылып, тұншығады. Кәмелет жасына толмаған қызды 4 жылдан аса жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген көрінеді. Сұмдық қылмыс туралы осы жылдың көктемінде айтылыпты.

"13 жасқа толғанымда, алғаш рет зорлады. Оны анама айта алмадым. Екеуі қаншама жылдан бері бірге тұрады, отбасының шырқын бұзам ба деп қорықтым. Ол кезде екеуінің 4 баласы болды. Ал анам үйде жоқта өгей әкем мен кейінгі інім екеуімізді ұрып-соғатын", - дейді Жәнел. 

Жәнел биыл 18 жасқа толды. Өзінің айтуынша, мектепті үздік бітірсе де, жоғары оқу орнына құжат тапсырмаған. Ешкіммен араласпайды. Себебі, өгей әкесі қарсы. Тек үйде отыр деп бұйырған. Бойжеткеннің арманы - дәрігер болу. Қазір анасына қолғабыс жасайды. Ал 15 жыл отасқан жұбайынан көңілі қалған Әсел Құрманбекова шарасыз. Бес уақыт намаз оқитын адам мұндай арсыздыққа барады деп ойламағанын айтады. Әселдің екінші некеден 4 баласы бар. Үлкені 14-те, кішісі 5 жаста.

"Мейрамғазы намаз оқитын, бірақ ешқашан мешітке барған емес. "Аллаға сыйынғанымды жұртқа көрсетудің қажеті жоқ" деп айтатын. 1-2 күн үйге қонбай, жоқ болып кететін. 15 жылдың ішінде нақты не істеп жүргенін айтқан емес. Өткен өмірі туралы сұрасам, жауапсыз қалдыратын. Бірақ отбасын ешқашан аш қалдырған емес", - дейді Жәнелдің анасы Әсел Құрманбекова.

Өгей әке әйелінің үйде жоқтығын пайдаланып, Жәнелді зорлап отырған. Келіншек күйеуінің өзгеруіне ислам атын жамылғандардың тікелей ықпалы бар, әскери және травматикалық қаруды Сирияда жихад жасау үшін сақтады деп топшылайды. Әсел аса ауыр қылмысқа қатысы бар бұрынғы күйеуінің енді үйқамақта отырғанына наразы. Тергеу аяқталмаса да отбасының қауіпсіздігі үшін абақтыға жабылсын дейді. Ал күйеуі тұратын үйдің қақпасында құлып тұр.

"Қазір далаға шығуға қорқамыз. Ажырасқанға дейін 3-4 рет араққа сылқия тойып алып, "Аллаһу акбар!", "Соғыста біздің бауырларымызды өлтіріп жатыр. Ал мен болсам мұндамын" деп басын қабырғаға ұрып айқайлағаны есімде. Оның даусынан балалар үркіп кетті. "Бауырларыма барамын, соғысуға кетемін" дегенді соңғы кезде жиі айтты", - дейді Әсел Құрманбекова. 

Күдіктіні қамауға қатысты сот шешімі қабылданар сәтте "адам зорлау" бабы есепке алынбаған болып шықты. Тек жезөкшелікпен айналысуға жын-ойнақ орындарын ұйымдастыру және заңсыз қару-жарақ сақтау баптары ескерілген.

"Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен күдіктіні үйқамаққа алу туралы мерзімді 4 айға ұзарту туралы Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы аға тергеушісінің өтініш хаты қанағаттандырылды. Ең алғашында 2 айға осы үйқамаққа алынған. Содан кейін бір айға ұзартылған осы аға тергеушінің өтініш хатымен. Енді 15 қыркүйекке дейін үйқамақта болады", - дейді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің бас маманы Абай Жарылқасын.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің өгей қызын зорлағанына қатысты іс енді тергеліп жатыр.

"Бұл азаматты біз Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша жезөкшелікке арналған притонды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартқанбыз. Сонан соң ол азаматтың бірнеше қылмысқа қатысы бар екенін белгілі болды. Яғни заңсыз қару-жарақ сақтау және бірнеше жыл бойы өзінің өгей қызын зорлау деректері бойынша біз тағы да екі қылмыстық істі қозғадық", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Егер күдіктінің кінәсі сотта толық дәделденсе, 20 жыл арқалауы мүмкін. Ол бұған дейін заңсыз қару сақтағаны үшін 2 рет сотталып, бас-аяғы 10 жарым жыл түрмеде жазасын өтеген.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети