Алматының Әуезов аудандық сотында бір үйді үш рет тонаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Алматының Әуезов аудандық сотында бір үйді үш рет тонаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, 2017 жылдың 21 қарашасында шамамен сағат 9.30-да күдікті мас күйінде Әуезов ауданында орналасқан тұрғын үйлердің біріне барады.
"Ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткен соң металл қақпаны ашады. Артынша үйге кіріп, бағасы 90 000 теңге болатын Giant маркалы велосипедті көріп, алып кетеді. Кейіннен оқиға орнынан жасырынған", - делінген хабарламада.
Мұнымен қоса, 2017 жылдың 24 қарашасында ер адам қайтадан мас күйде осы күйге келеді. Қақпаны ашып, жазғы асүйге кіріп, онда бағасы 20 000 теңге болатын Panasonic маркалы магнитофонды алып кетіп, оқиға орнынан жасырынған.
Сондай-ақ, 2017 жылдың 9 желтоқсанында шамамен сағат 21.00-де күдікті үшінші рет дәл солай мас күйінде сол үйге барған. Үйдің қақпасын ашып, бағасы 10 000 теңге болатын қысқа толқынды пешті көріп, оны да ұрлап кеткен.
"Алайда ол бұл жолы қылмысын соңына дейін жасыра алмады. Оны үйдің иелері өзі ұстады", - деп хабарлады соттағылар.
Соттың үкімімен ер адам айыпты деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оның мүлкі тәркіленетін болды. Сот үкімі заңды күшіне енді.