Алматыда учаскелік полицей аурушаң келіншектің екі бірдей пәтерін сатып жіберіп, өзін Қырғызстанға құлдыққа өткізбекші болған, - деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Алматыда учаскелік полицей аурушаң келіншектің екі бірдей пәтерін сатып жіберіп, өзін Қырғызстанға құлдыққа өткізбекші болған, - деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Қаскөй мұнысымен қоймай, оның баласының көзін жоюға тырысыпты. Тәртіп сақшысынан көмек сұраймын деп, ақырында өмірі тығырыққа тірелген әйел енді кімге сенерін білмей дал. Ал, бүгін сот келіншектің сеніміне кіріп, арам ойын іске асырмақшы болған бұрынғы полицей мен оның сыбайласына үкім шығарды.
Әуезов ауданында учаскелік полицей болған Арли Оңғарбаевқа Татьяна Шульгина 2015 жылдың қыркүйек айында келіп, бұрынғы күйеуінен қорғауды сұраған. Инспектор келіншекке өзінің ағасын ертіп келіп, оққағар болады деп, үйіне тіркеуге тұрғызған. Артынша Өзбекстан азаматы Әлішер Жаңабаевты әйелдің сеніміне кіргізіп, үйленетініне көзін жеткізеді. Осылайша екеуі бірлесіп кәсіп ашпақшы болып, жалғызбасты келіншекті бар дүние-мүлкінен айырған.
"Олар мені алдап, екі бірдей пәтерімді сатуға мәжбүрледі. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін мені шетелге шығарып, құжатсыз, ақшасыз қалдырып кетті. Ол жақтан әрең қашып келдім", - дейді жәбірленуші Татьяна Шульгина.
Учаскелік полицейдің арам пиғылы мұнымен шектелмеген. Келіншекті Қырғызстанға апарып тастаған соң, қылмыстық топ мүшелері оның жалғыз ұлынан құтылудың жолын іздейді. Сөйтіп оны Талғар ауданына апарып буындырып, пышақтаған. Алайда жас жігіттің жан дауысын естіген тұрғындар оны құтқарып қалыпты.
Көп ұзамай Арли Оңғарбаев пен оның сыбайласы Әлішер Жаңабаев қамауға алынған. Ал ағасы Әсет Оңғарбаевқа іздеу жарияланған. Бұрынғы полицейге "аса iрi мөлшерде алаяқтық жасады", "алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіруге оқталды және қылмыстық топ құрды", "лауазымын асыра пайдаланды" деген айыптар тағылды. Ал
сыбайласы алаяқтық және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша күдікке ілінген.
Сотта Оңғарбаев өзіне тағылған айыптармен мүлдем келіспеді, ал Жаңабаев кінәсін ішінара мойындады.
"Уважаемый судья! Я надеюсь на ваше справедливое решение", - деді сотталушы Арли Оңғарбаев.
"Сот мырза мен сіздің қарауыңызға келісемін. Бірақ мен 99-бапқа келіспеймін. 107-баптың бірімен, 106-баптың біріне ғана келісемін", - дейді сотталушы Әлішер Жаңабаев.
Алайда сот екеуін де кінәлі деп танып, Оңғарбаевты 16 жылға, Жаңабаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Екеуі жәбірленушілерге 4 миллион теңге моральдық шығын өтейтін болды. Алайда баспананы кері қайтару мүмкін болмады.