Павлодар облысында алты баланың әкесі Ержан Ибраев әйелін алимент төлемегені үшін жазалауды сұрап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысында алты баланың әкесі Ержан Ибраев әйелін алимент төлемегені үшін жазалауды сұрап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ер адамның айтуынша, бұрынғы әйелі бір жарым жылдың ішінде бір жарым миллион теңге қарыз болған. "Оның Павлодарда ер адаммен бірге пәтер жалдап тұрып жатқанын білемін. Жұмыс істейді, көлік сатып алған, оны азаматтық некедегі күйеуінің атына жаздырған. Оның табыс көзі бар, бірақ ол алимент төлеуден бас тартып отыр. Сондықтан мен прокуратура мен сот орындаушысына шағым жазып, оны қылмыстық жауапкершілікке тартылуын сұрап отырмын", - дейді 59 жастағы ер адам.
Әйелі екі жыл бұрын ажырасқан, ол кезде кенже қызы екі жасқа да толмапты. Сол уақыттан бері жалғыз әке балаларын асырап келеді екен. Бұрынғы әйеліне екі мәрте іздеу жарияланыпты, биылғы сәуірде ол ұсталып, бес тәулікке қамалған. Мерзімін өтеген әйел жасырын номерден бұрынғы күйеуіне телефон соғыпты. Әйел ешқандай да ақы төлемейтінін мәлімдепті. Айта кетейік, көпбалалары отбасы сал ауруына шалдыққан ортаншы баласы мен көпбалалы әкеге берілетін жәрдемақыға күн көріп отыр. Ер адам жұмысқа тұрғысы келетінін, бірақ балаларына қарайтын адамның жоқтығын айтады.
"Бәрін өзім істеуіме тура келеді, тамақты істеу, кір жуу, жинау, балаларды шомылдыру. Өте қиын әрине. Жершілікті әкімдік көмір, отын береді, қалғаны - жарық пен су өз мойнымда. Кенже қызымды балабақшаға бердім, бес мыңнан төлеп тұрдым. Таяуда жеті мыңға өсіріп жіберді. Енді онымен үйде отыруға тура келеді. Кейде тіпті нансыз отырамыз, балаларға тамақ жоқ. Бір күнде бес-алты бөлке нан керек. Ал оларды әлі киіндіру керек, аяқ киімін алу керек. Өткен айда қарызға баттым, бұзаулы сиырды сатуға тура келді. Өте қиын. Егер алиментке ақшасы болмаса, балаларды бақсын, бірақ бұрынғы әйелім балаларының не ішіп-жеп жүргенін сұрамайды да", - дейді Ибраев.
Мемлекеттік сот орындаушылары әйелдің қайда екенін жақсы біледі және жауапқа тарту үшін бар мүмкіндікті жасап жатыр екен. Бірақ оның тұрғылықты жұмыс орны және тұрақты баспанасы болмағаны мәселе туындатып отыр. "Өндіруші Ибраевтың шағымы бойынша Павлодар ішкі істер басқармасына хабарласып, балалардың 32 жастағы анасы Анастисия Варитті алимент төлеуден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарадық. Бұл өтініш қазіргі уақытта қаралып жатыр", - деді сот орындаушысы Бауыржан Шәдеханов.
Айта кетейік, өткен жылы көпбалалы әке әйелін алимент төлемегені үшін жауапқа тартуды сұраған болатын. Бірақ полиция оның ісінен қылмыс құрамын таппай, қылмыстық іс қозғамаған еді.