Астанада полицейлер жеке үйлердің бірінде жабдықталған заңсыз ет өңдеу цехын анықтады. Антисанитарлық жағдайда сақталған ет қаладағы дүкендер мен дәмханаларға жеткізілген, деп хабарлайды Tengrinews.kz Астана полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция департаменті мәліметінше, цех иелерінің ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Тексеріс барысында шығу тегі мен сапасы белгісіз үш тоннадан астам ет өнімі табылды.
"Өнімдер санитарлық нормаларды өрескел бұза отырып өндірілгені және сақталғаны анықталды: температуралық режим сақталмаған, өнімдер антисанитарлық жағдайда тұрған. Еттің бір бөлігінде бұзылудың айқын белгілері - өткір иіс, шыбын-шіркей және тұтынуға жарамсыз екенін көрсететін басқа да белгілер болды", - деп хабарлады полицейлер.
Табылған өнімдердің барлығы жойылды. Жасырын цех иелері заң бойынша жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін қазақстандықтар Астанадағы кейбір мейрамханалар мен дәмханаларға ит еті жеткізілетіні туралы атышулы мәлімдемелерді талқылаған болатын. Қазақстандық жүргізуші Тимур Балымбетовтың жануарларға қатыгездік көрсету тақырыбына арналған сұхбаты осы пікірталасқа себеп болды. Сұхбат үзіндісі желіде тарады. Осы талқылау аясында Астананың ветеринарлық қызметі ресми түсініктеме жариялады.