Елордада жүргізуші зейнеткерден қомақты ақша ұрлап, Toyota Camry 70 көлігін сатып алған, - деп хабарлайды Polisia.kz .
Елордада жүргізуші зейнеткерден қомақты ақша ұрлап, Toyota Camry 70 көлігін сатып алған, - деп хабарлайды Polisia.kz .
4 ақпанда полицияға астаналық 70 жастағы тұрғын шағым түсірген. Ол қаладағы ЖШС бірінде директор болып қызмет атқарған. Ер адам өзінің жүргізушісі Hyundai Santa Fe көлігін айдап кеткенін, оның ішінде 23 миллион теңге болғанын айтқан.
"Полиция сол күні зардап шегушінің жүргізушісімен бірге банкке барғанын анықтаған. Зейнеткер пәтер сатып алу үшін депозиттегі шотынан 23 миллион теңге алыпты. Қомақты қаржыны барсеткаға салып, көліктің ішіне қойған. Кейін құрылыс компаниясының офисіне барған. Сатымен жоғарыға көтеріліп бара жатқанда жүргізушісінің көлікпен кеткелі жатқанын көрген. Ол бірден жүргізушіге телефон арқылы хабарласқан. Жүргізуші көлікті басқа орынға қойғысы келетінін айтып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Зейнеткер оның келмейтінін түсініп, полицияға хабарласқан", - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары ұрланған көлікті бір сағаттың ішінде тауыпты. Алайда жүргізуші барсетканы өзімен бірге алып кетіпті.
"Тергеу барысында 26 жастағы жүргізушінің 2017 жылы көлікті айдап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сондай-ақ, оның азаматтық некедегі әйелі зардап шегушінің үйінде жұмыс істеген. Ол да бір жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған", - дейді криминальды полиция департаментінің басшысы Думан Таев.
26 мамырда жедел-іздестіру шарасы барысында күдікті Павлодар қаласында ұсталған. Оның Toyota Camry 70 көлігі болған. Күдікті зейнеткерден ұрлаған қомақты ақшаға қымбат көлік сатып алғанын мойындаған.
Жүргізуші уақытша тергеу изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің "Ұрлық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.