Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері Дәулет Бисенғалиев Тайпақ полиция бөлімшесі бастығымен болған жанжалдан кейін қызметтік тапанша мен екі оқсауыт ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Уральская неделя" газетіне сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері Дәулет Бисенғалиев Тайпақ полиция бөлімшесі бастығымен болған жанжалдан кейін қызметтік тапанша мен екі оқсауыт ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Уральская неделя" газетіне сілтеме жасап.
Тапанша мен оқсауыттардың жоғалып кеткені 12 тамызда жеке құрамның атыс алаңындағы жаттығуы барысында анықталған. Мәліметтер бойынша, өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізді. Нәтижесінде 16 полиция қызметкері жазаланып, 6 полицей жұмыстан босатылды, оның қатарында Дәулет Бисенғалиев те бар.
Тергеу нәтижесінде жұмыстан босатылған Тайпақ полиция бөлімшесінің үш қызметкерінің айтуынша, ұрлық болғанын екі аптадай ешкім байқамаған және Дәулет Бисенғалиев қару тұратын бөлмеден тапанша ұрлағаннан кейін оны травмат тапаншаға ауыстырып қойған, ал ол Макаров тапаншасына ұқсайды.
Үшеуі де ұрлық дерегі бойынша жұмыстан шыққан - олар 4-12 шілде аралығында Тайпақ полиция бөлімшесінде кезекте болған. Қазіргі таңда олар қызметтен заңсыз шығарды деп, БҚО ІІД үстінен сотқа жүгінуді жоспарлап отыр. Олар бұйрықтың күшін жоюға және жұмысқа оралуға мүдделі.
"Менің қорғауымдағылар - жедел уәкіл, учаскелік полицей және учаскелік полицейдің көмекшісі. Оларды сылтаумен жазалаған, себебі тапанша ұрланғанда оларды басшылық кезекке қойған. Бірақ заң бойынша үшеуіне де кезекте тұруға тыйым салынған, себебі олардың күзет бөлімшесінде арнайы сейфте тұрған құпия құжаттарға рұқсаты болмаған. Ол құжаттар - төтенше жағдайдағы іс-әрекет хаттамасы. Бірақ басшылық нұсқаулықты бұзып, оларды күзетке қойған. Осыны негізге ала отырып, сотқа жүгінбекпіз", - деді жұмысынан шығып қалған полицейлердің қорғаушысы Гарифулла Жапашев.