Екібастұз тұрғыны Сирияға барып, экстремистердің тарапында қарулы қақтығыстарға қатысқысы келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Екібастұз тұрғыны Сирияға барып, экстремистердің тарапында қарулы қақтығыстарға қатысқысы келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот 22 жастағы екібастұздықты "Қылмысқа оқталу және қылмысқа дайындалу" бабы бойынша айыпты деп таныды. Соттың үкімі бойынша, сотталушы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ер адам жаза мерзімін жалпы тәртіптегі режимде өтейді. Айта кетейік, ол сотта өз кінәсін толықтай мойындады.
Қылмыстық істің материалдарына қарағанда, екібастұздық медреседегі оқуын тастап кетіп, Сириядағы қарулы қақтығыстар жайлы хабар тарататын радикал діни сайттарға кіре бастаған.
"Ертеде Сирияға шығып кеткен туған бауырының әсерінен ер адам дәстүрлі емес әрі қарулы жиһадқа үндейтін "тәкфір" радикал бағытын ұстанған. 2015 жылдың тамызынан 2016 жылдың ақпанына дейін ол Сирияға кетудің амалдарын іздестірген, ол шетелдегі қарулы қақтығысқа елдің үкіметтік қарулы күштеріне қарсы тарапта соғысқысы келген", - делінген айыптау қорытындысында.
Тергеу мәліметінше, 2015 жылдың желтоқсанында ер адам Сириядағы бауырынан 300 доллар алған. 2016 жылдың ақпанында ол Екібастұздан Алматыға автобуспен жолға шыққан, Алматыдан кейін Қырғызстанның шекарасына жеткен. Ер адам Жамбыл облысындағы "Қордай" бекетіндегі шекара бақылауынан өту кезінде ұсталған.
"Екібастұздық таныстарымен ұялы телефонмен сөйлесіп отырған, сөздерін конспирациялаған. Бұл жағдай оның дайындалғанын және қылмыстық әрекетке көрінеу барғанын көрсетеді", - делінген іс материалдарында.