Елордалық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық жасағаны үшін 22 жастағы Алматы қаласының тұрғынын ұстады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ол спорттық ұтыстарды бірнеше мөлшерде ұтып алуды сылтауратып, Іnstagram әлеуметтік желісінде жалған парақшалар ашқан. Парақша көңіл жадырататындай болу үшін ақшалай купюралар және ұтыстар бейнеленген әсерлі суреттерді орналастырған, кепіл ретінде жеке куәліктің суретін пайдаланған.
Инстаграмда хат алмасу барысында ұсталушы киви-әмиянға аударуға көндіріп, ірі ұтысты уәде еткен. Шын мәнінде ешқандай ұтыс қоймаған, ал ақшаны өз қалауынша жұмсаған.
"Қазіргі уақытта ұсталушыға қатысты ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігіне сәйкес (алаяқтық) 3 эпизод бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Алайда, жәбірленушілер одан да көп болуы мүмкін. Aigul_serkozhaeva, serkozhaeva_aigul, serkozha_aigul, aigul_serkozha жалған аккаунттарға тап болғандарға және №8-708-655-89-01, №8-747-679-59-15, №8-708-913-79-63 киви-әмияндарға ақша аударғандарға 8(7172) 71-63-35, 71-62-91 немесе 102 телефондарына хабарласуды сұраймыз", - делінген полиция хабарламасында.
Нұр-Сұлтан ПД интернет-қолданушыларға мұқият болуды, алаяқтардың айласына түсіп қалмауды ескертеді.