"Ертіс" футбол клубы басшыларының өміріне қастандық әдейі жасалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz Павлодар облысының ІІД-не сілтеме жасап.
"Ертіс" футбол клубы басшыларының өміріне қастандық әдейі жасалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz Павлодар облысының ІІД-не сілтеме жасап.
Департамент баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, шабуыл жасау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс енді "Бұзақылық" бабынан ауыр жазаға өзгертіледі. "Жасалған қылмыстың ауырлығы және зардап шеккендердің біреуінің денсаулығына байланысты қылмыстық іс "Бұзақылық" бабынан "Адам денсаулығына ауыр зардап келтіру" бабына өзгертілді", деп хабарлады облыстың ІІД баспасөз қызметінде.
Осылайша, полиция қызметкерлерінің нұсқасы бойынша "Ертіс" клубының басшыларына қастандық байқаусызда емес, әдейі жасалған болып шықты. Айта кетейік, қаскөйлердің қолынан зардап шеккен клубтың спорттық директорының жағдайы бір қалыпты ауыр күйде қалуда. Ол әлі де комада жатыр.
Еске салайық, бұл оқиға Қазақстан біріншілігінің 12 туры аясында 5:0 есебімен аяқталған "Ертіс" - "Спартак" кездесуінен кейін болған. Бетперде киген белгісіз екі адам клуб басшыларын Ержановтың жалдамалы пәтерінің алдында күтіп тұрған. Олар лифттен шыққан сәтте қаскөйлер бас салып, екеуін темір затпен соққының астына алған. Нәтижесінде Ысқақов басынан ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілсе, клубтың бас директоры басынан ашық жарақат алып, емханаға барудан бас тартқан.
Клуб тарапы бұл іспен полиция айналысып жатыр деп, ешқандай нұсқа айтқан жоқ. Осы орайда Қазақстан футбол федерациясының басшылары мен қызметкерлері "Ертіс" футбол клубының техникалық директоры Болат Ысқақов пен клуб директоры Халимжан Ержановтың денсаулықтарына алаңдаулы. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы кінәлілердің анықталып, өз жазаларын алатындығына сенім білдірген.