Германия Қазақстанға кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адамды экстрадициялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Германия Қазақстанға кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адамды экстрадициялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгін, 5 қарашада Германия Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Республикасының қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастығында ең алғаш рет Германиядан Михаэли Имин Рафикович экстрадицияланды, ол 2005 жылы Алматыда азамат А.Әбдібаевті өлтіргені үшін ұзақ уақыт бойы Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеуде болған", - делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, іздеуде болған ер адам 2014 жылдың қаңтарында Германия аумағында қамауға алынды. Содан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны ұстап беру туралы сұрауды аталған елдің Әділет министрлігіне жіберді. Михаэлиді Қазақстанға беру туралы шешім қазан айында шығарылған.
"Бас прокуратура, ҚР ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросы мен басқа да мүдделі ведомстволардың бірлескен жұмысының нәтижесінде Михаэли 5 қараша күні әуе рейсімен Майндағы Франкфурттан Астанаға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың қыркүйегіндегі мәліметке қарағанда, Интерпол желісі бойынша іздеуде 56 қазақстандық болды, олардың арасында БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов, оның әйелі Лейла және ұлы Ілияс бар.