Оңтүстік Қазақстан облысында қорап-қорап шоколад ұрлаған екі жігіт ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оңтүстік Қазақстан облысында қорап-қорап шоколад ұрлаған екі жігіт ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9 ақпанда Мақтаарал аудандық ішкі істер бөліміне Жетісай қаласының 32 жастағы тұрғыны арызданды. Ол өз арызында күндізгі уақытта қаладағы базарлардың бірінде орналасқан сауда қоймасынан белгісіз біреулердің қорапқа салынған 29 мыңнан астам Albeni шоколадын ұрлап кеткенін айтты. Оның айтуынша, жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден астам шығын келген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне жәбірленуші ұрлыққа сол қоймада жұмыс істейтін екі жүк тиеуші азаматтың қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.
"Мақтаарал АІІБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында жүк тиеушілерді - 1990 және 1996 жылы туылған жергілікті екі тұрғынды ұстады. Олар өз істерін мойындады", - делінген баспасөз хабарламасында. Тәртіп сақшыларының айтуынша, тергеу кезінде күдіктілердің қойма кілтінің екінші нұсқасын алдын ала дайындап алғаны белгілі болды. Оның көмегімен жүк тиеуші азаматтар соңғы екі айдың ішінде қоймадан қораптағы шоколадтарды шығарып, әртүрлі сауда нүктелеріне өткізіп, ал одан алған ақшаны өз қажеттіліктеріне жаратып отырған.
Полиция қызметкерлері айғақ зат ретінде күдіктілерден үш қорап шоколад пен қойма кілтінің екінші нұсқасын тәркіледі. Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 188-бабы - "Ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.