Қамаудағы Талғат Ермегияевтің жұмыссыз бауырының Porsche Panamera көлігіне тыйым салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қамаудағы Талғат Ермегияевтің жұмыссыз бауырының Porsche Panamera көлігіне тыйым салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биылғы 22 қазанда елордадағы қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы "Астана ЭКСПО" экс-басшысы Талғат Ермегияевтің бауыры Азат Ермегияевтің жеке шағымын қарастырған. Осы іс бойынша қаулы ҚР сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-сараптама жүйесіндегі сот істері бойынша анықтамада жарияланған.
Соттың қаулысында биыл 1 шілдеде Астананың Алматы аудандық №2 сотында Porsche Panamera маркалы автомобиліне тыйым салу бойынша санкцияның салынғаны айтылады.
"Бұл шешім Талғат Ермегияевке келіп отырған күдік бойынша ҚР ҚК баптарының санкциясының мүлікті тәркілеуді қарастыратынымен байланысты. (...) ҚР ҚПК 161-бабының 8-бөлігімен күдіктінің немесе айыпталушының қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде алынды деуге жеткілікті түрде негіз болғанда өзге тұлғалардың иелігіндегі мүлікке тыйым салынуы мүмкін. Сот отырысында Талғат Ермегияевтің туысы - Азаттың иелігінде Porsche Panamera бар екендігі белгілі болды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қаулыда "Астана ЭКСПО" экс-басшысының туысы Азат Ермегияевтің еш жерде жұмыс істемейтіні, ай сайынғы сақтандыру аударымдарының және міндетті зейнетақы төлемінің жоқ" екендігі айтылады. Бұл автомобильдің құны 25 миллион теңге екен.
Еске сала кетейік, 12 маусымда "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевті үй қамауына алу туралы санкцияны Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты берген. Мұндай бұлтартпау шарасын сотқа дейінгі тергеу органдары мен прокуратура ұсынды. Талғат Ермегияевқа Қылмыстық Кодекстің 176-бабы бойынша айып тағылып отыр.
2015 жылдың 18 маусымында Астананың №2 Алматы аудандық соты Талғат Ермегияевтің мүлкіне, нақтырақ айтсақ, "Са-Бек" ЖШС (іскерлік қатысу үлесі - 30 пайыз); "ТКМ" ЖШС (іскерлік қатысу үлесі - 30 пайыз); "Глобус Алматы" ЖШС (іскерлік қатысу үлесі - 50 пайыз); "ХОЗУ-Транс" ЖШС (іскерлік қатысу үлесі - 100 пайыз); "Рахат-АВТО" (іскерлік қатысу үлесі - 18 пайыз); "Глобус Астана" ЖШС-на (іскерлік қатысу үлесі - 50 пайыз) тыйым салды.
11 маусымда Талғат Ермегияев Мемлекет Басшысының Өкімімен "Астана ЭКСПО-2017" ҰК бұрынғы басшысы қызметінен босатылды. Өкім Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Бұл қызметке Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков келді. Ермегияев қызметінен босатылғаннан екі күн өткеннен оның қамауға алынғаны белгілі болды.
Айта кетейік, 16 шілдеде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының жетекшісі Айгүл Шайымова "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегиявқа қатысты іс туралы жаңа мағлұматтарды жария етті. Ол кезде Ермегияевтің пара ретінде қолма-қол 4 миллиард 200 миллион теңге алғаны анықталды.