21 ақпан 2022 | 16:34

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер: Алматыда тонаушылар ісі сотта қаралып жатыр

Дина Шарипханова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған тонаушылар ісі сотта қаралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған тонаушылар ісі сотта қаралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алғашқы сот отырысы Жетісу аудандық №2 сотында өтті. Айыпталушы қаладағы жеке компаниялардың бірінде сату жөніндегі менеджер болып жұмыс істейтін 26 жастағы Александр К.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 6 қаңтарда таңертең сағат 10.00 шамасында ер адам қолма-қол ақша алу үшін банкомат іздеп үйінен шыққан. Ол "Мерей" сауда үйі маңында орналасқан банк бөлімшесіне келіп, кезекке тұрған. Алайда осы сәтте оған жұбайы қоңырау шалып, қолма-қол ақша қажет емес екенін айтқан.

"Содан ол үйіне қайтып келе жатып, сағат 12.00 шамасында Райымбек пен Назарбаев даңғылдары қиылысында орналасқан электроника дүкені жанынан өткен. Сотталушы белгісіз адамдар дүкеннің есігі мен терезелерін қиратып, ұрлық жасап жатқанын көрген. Ол жағдайды бақылаған және аздан соң бәрі тарай бастағанда дүкеннің ішкі жағында терезеде тұрған ақ пакетті байқаған. Содан кейін ол кіреберіске барып, сынған терезеден қолын созып, пакетті алған. Онда 110 мың теңге тұратын компьютер бөлшектері болған", - деді судья Әйгерім Тілепова.

Тергеу барысында сотталушыдан ұрланған заттар тәркіленген.

Сотта Александр К. жасаған ісіне өкініп, оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Өз кезегінде прокурор оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Барлық тарапты тыңдаған судья Әйгерім Тілепова мынадай үкім шығарды:

"Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және екі жыл алты ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын. Жазасын уәкілетті мемлекеттік органның қадағалауымен тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшаулаусыз өтесін. Сотталған адамның қамауда болған уақыты үкім заңды күшіне енгенге дейін (25 қаңтардан бастап) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есептелсін. Күзетпен ұстау түріндегі сотталған адамға қатысты бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатқа өзгертіліп, күзетпен ұстаудан босатылсын.

Сотталғандарға пробациялық бақылау орнатылсын және оған мынадай міндеттерді орындау жүктелсін: сотталғандардың мінез-құлқын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын өзгертпеу, спирттік ішімдіктер сатылатын ойын-сауық орындарына (дәмханаларға, барларға, түнгі клубтарға, казиноларға, мейрамханаларға және т.б.) бармау, жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен кетпеу, уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа да жерлерге бармау. Ол жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда, сот пробация қызметінің ұсынысы бойынша бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімін сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазамен ауыстыруы мүмкін", - деді судья.

Сонымен қатар, дүкен өкілінің ұрланған мүлікті қайтаруға және келтірілген залалды өтеу туралы шағымы қабылданған. Жетісу ауданы ПБ сақтау камерасындағы тәркіленген заттарды дүкенге қайтару тапсырылған.

Сондай-ақ, сот айыпталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 айлық есептік көрсеткіш (61 260 теңге) мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіріп алуға қаулы етті.

Сот үкім шығарған кезде жеңілдететін жағдайларды ескерген: кінәсін мойындау және жасаған ісіне өкіну, көршілерінің пікірі, бір жарым жасар қызының болуы. Төтенше жағдай кезінде, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық бұзу жазаны ауырлататын мән-жай деп танылған.

"Сот сотталушы сату менеджері болып жұмыс істейтінін анықтады. Осыған байланысты ол мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Істі соталды тергеп-тексеру барысында сотта сотталушының қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлкінің бар екені дәлелденбеген. Осыған байланысты сот мүлікті тәркілеу түрінде қосымша жаза тағайындауды орынсыз деп санайды", - деп қорытындылады судья.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети