Қарағандыда әкімнің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков бостандыққа шықты. Ол Қазыбек би аудандық сотының қаулысына сәйкес қамаудан босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағандыда әкімнің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков бостандыққа шықты. Ол Қазыбек би аудандық сотының қаулысына сәйкес қамаудан босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жақсылық Шалабеков үкім жарияланғаннан кейін тура 6 күн темір тордың ар жағында отырды. 14 маусымда Қазыбек би аудандық соты оны жазасын өтеп болуына байланысты қамаудан босату туралы қаулы шығарды. Сот құжатында Жақсылық Шалабековтің 2020 жылы 12 қыркүйектен бастап қамауда болғаны айтылған. Ол 13 маусымда босатылуы керек еді.
"Сот үкімі бойынша, Жақсылық Шалабековке 2020 жылғы 12 қыркүйектен бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің екі күні үшін күзетпен ұстаудың бір күні есебімен қамауда болған уақыты есепке алынды. Бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімі 2021 жылғы 13 маусымда аяқталды, одан әрі оны ұстау заңсыз және оның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзады. Көрсетілген жазаны ескере отырып, сотталған адамның жаза мерзімінің аяқталуына байланысты ол қамаудан дереу босатылды", - делінген Қарағанды Қазыбек би аудандық сотының қаулысында.
Еске салайық, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков 120 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, ол "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін бөлінген бюджет ақшасын жымқырған. Кейін сотта тергеу нұсқасы расталмады. Сот Жақсылық Шалабековке тағылған айыпты қайта қарап, оны өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп тапты. 8 маусымда Қазыбек би аудандық соты оны бір жарым жылға бас бостандығынан айырды. Бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған кәсіпкер Ермек Қасеновке сот 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот оны алаяқтық ісі бойынша кінәлі деп тапқан еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!