Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.68
EUR / KZT - 389.40
CNY / KZT - 49.85
RUB / KZT - 5.60

Қарызы басынан асқан "сыра королінің" зауыты енді лицензиясынан да айырылып қалуы мүмкін

20 Қыркүйек 2016, 09:37
0
© otyrar.kz
© otyrar.kz

Шымкенттегі сыра зауыты лицензиясынан айырылуы мүмкін. TVK телеарнасының мәліметінше, сыра зауытының бұрынғы басшысы Тоқтар Төлешовке несие беруші қайтарылуы тиіс төрт миллион доллар қарызын күтпей, кәсіпорынды лицензиядан айыру үшін сотқа арыз түсірген.

Заңгер Санжар Маматкаримовтің айтуынша, арызданушы - шетел азаматы Агаджан Аванесов. Сонымен қатар, Тоқтар Төлешовтің "Шымкентсыра" зауыты бюджетке 600 миллион теңге көлемінде салық өтеуі тиіс болып шықты.

"Орындау қағазы деген болады. Соған сәйкес адамдар қарызды өтеуге кезекке тұрады. Қазіргі уақытта "Шымкентсыра" ЖШС мемлекет алдындағы қарыздарын салықпен өтеп жатыр. Зауыттың миллиард теңгеден аса қарызы болды. Бүгінде оның бір бөлігі төленіп болды, енді шамамен тағы 600 миллион теңге қарызы бар. Сондай-ақ, Төлешов Агаджан Аванесовпен қатар, басқа да несие берушілерден қарызға ақша алған", - деді заңгер.

Ал Аванесовтың тарапы осыған қатысты қандай да бір пікір айтудан бас тартты. 27 шілдеде Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотында өткен бірінші инстанциядағы сотта сыра зауытының өкілдері отырыста жеңіліп қалған болатын. Алайда зауыттың өкілдері соттың шешіміне кассациялық шағым түсірген еді. Айта кетейік, Төлешовтің зауыты лицензиядан айырылатын болса, олар банкротқа ұшырап, зауыттағы 1 100 қызметкер жұмыссыз қалады.

Осыған дейін Facebook желісінде кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің "мойындауы" және одан жауап алу хаттамасының көшірмесі делінген сурет жария болған еді. "Сыра королі" өз қолымен жазды делінген құжаттарда оның Қазақстандағы билікті басып алу, жер дауына қатысты митингтерді ұйымдастыру және азаматтық белсенді Талғат Аянды қаржыландыруға ниеті туралы мәліметтер болған. Осы мәліметтерге сәйкес, Талғат Аян алға қойылған міндеттерді орындауы тиіс болған.

Еске салайық, белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталған болатын. Тінту кезінде үйінен және жұмыс орнынан қару-жарақ, есірткі заты және оқу құралдары анықталып, тәркіленген еді. Кәсіпкермен бірге үш адам ұсталды. Төлешовке трансұлттық қылмыстық қоғамдастықты қаржыландырған, сонымен қатар тұрақты қарулы топты құрып, басқарған деген күдік келіп отыр. Тергеу Төлешовтің бірқатар ауыр қылмыс және аса ауыр қылмыс жасағанын анықтаған.

"Оның қылмыстық әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 125, 126, 179, 182, 192, 262, 266, 268, 296 және 367 баптары бойынша, сонымен қатар, 1997 жылғы редакциядағы 96, 107 және 187-баптары бойынша қарастырылып отыр", - деп хабарлаған еді ҚР ҰҚК баспасөз мәслихаты барысында ведомство өкілдері.


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай