ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайға қатысты зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайға қатысты зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қордай ауданындағы жағдай тұрақты. Бердібек Сапарбаев басқаратын комиссия жұмысын жалғастыруда. Қайғылы жағдайға жол берген меморгандардың қызметкерлері мен арандатушылар жауапқа тартылады. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Отандастарымызға азаматтық жауапкершілік ұстанымдары үшін ризашылық білдіремін", - деді Мемлекет басшысы.
"Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы арқасында арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!", - деп жазды Тоқаев.
Осыған дейін Бердібек Сапарбаев аудандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарының жеке құрамымен сөйлесті. Елді мекендердегі жағдай бірқалыпты. Күндіз жергілікті тұрғындарға енді тәртіпсіздіктің болмайтыны, жағдайдың бақылауда екені айтылған болатын.
Көшелерде адамдар мен машиналар жоқ, ауылдардың арасында да еш қозғалыс байқалмайды. Нұр-Сұлтан қаласынан барған Үкімет комиссиясы жергілікті жердегі жағдайды бақылау үшін Қордай ауданында қалады.
Еске салайық, 7 ақпанда Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындардың арасында жаппай төбелес болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылықтан туған қақтығысты арандатқысы келгендер туралы айтты. Қордай ауданындағы оқиғаның салдарынан 8 адам қаза тауып, тағы 40 адам зардап шеккен.
Ал 8 ақпанда Қордай ауданында төтенше жағдай режимі жарияланады.