Сот бюджеттен 4,5 миллиард теңге жымқырған 21 бухгалтерге үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот бюджеттен 4,5 миллиард теңге жымқырған 21 бухгалтерге үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны (ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 1), 2) тармақтары), заңсыз заңдастырғаны (ҚК-нің 218-бабының 3-бөлігінің 3) тармағы), ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық жасап және оған қызметтік бабын пайдалана отырып қатысқаны (ҚК-нің 262-бабының 3-бөлігі) үшін айыпталған Талдықорған Білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.
"3 жыл бойы Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері С. әріптестерінен құралған (7 – білім бөлімі және 14 – орта мектеп) қылмыстық топ ұйымдастырған. Оның басшылығымен ұйымдасқан топ алдын ала сөз байласу арқылы жалған жұмыскерлерге және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеу арқылы 4,5 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Ұрланған қаржыны сотталушылар туыстарының банктік шоттарына аударып, содан кейін қылмыстық рөлдерге сәйкес өз араларында бөлген", - делінген хабарламада.
Аталған қаражатқа жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін, автомобильдер, зергерлік бұйымдар және т. б. сатып алған. Сотталушылардың кінәсі олардың айғақтары, сондай-ақ куәгерлер, мамандардың және сот сараптамаларының қорытындылары, қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталады.
Сотталушылар кінәләрін тек жымқыру бөлігінде мойындады (ҚК 189-бабының 4-бөлігі 1), 2) тармақтары), қалған бөлігінде оларды ақтауды сұрады.
"Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушылардың жеке басын ескере отырып, оларды кінәлі деп танып, үкім шығарды: - қылмыстық істің бас фигуранттары С., М., Н. 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. - 15 сотталушы 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 2 сотталушы келтірілген залалды толық өтеуіне байланысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігі 2) тармақшасы бойынша шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бір бухгалтерге қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды".
Сотталғандардың 3 миллиард теңгеден астам ақшалай қаражаты, зергерлік бұйымдары, жылжымайтын және жылжымалы мүлкі тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!