Көкшетауда үйлердегі пәтерлердің біріне жарылғыш заттың қойылғаны туралы "қалжыңдаған" облыстық экология департаменті экологиялық бақылау бөлімінің жетекшісі Қанат Мырзахметов болып шықты.
Облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тәртіптік кеңесі "мемлекеттік қызметкердің абыройына нұқсан келтіргені үшін" Мырзахметовты қызметінен босатуға кеңес берді. Бұл туралы "Интерфакс-Казахстан" ведомствоға сілтеме жасай отырып хабарлады.
Ведомство қызметкерінің айтуынша, Мырзахметов Пушкин көшесінде тұратын көршісіне қоңырау шалып, үйіне жарылғыш заттың қойылғанын айтып қалжыңдаған.
Оқиға орнына құқық қорғау органдары қызметкерлері барды. Үйден 50-ге жуық адам эвакуацияланды. Департаменттегілер жарылғыш заттың табылмағанын айтты.