Жамбыл облысы Қордай ауданының бірнеше тұрғыны жол ережесін және қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғандары үшін жазаланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы Қордай ауданының бірнеше тұрғыны жол ережесін және қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғандары үшін жазаланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
7 тамызда жол қозғалысы ережесін және қоғамдық тәртіпті бұзған көлік жүргізушілерін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Олар той кортежіне ілесіп жүріпті. Тәртіп бұзушылар өздерінің заңға қайшы әрекеттерін видеоға түсірген. Бейнежазбадан жүргізушілердің полицейлердің көзінше аспанға қару кезеніп оқ атып, қарсы жолақтағы көліктерге жол бермей жатқанын көруге болады. Барлығына әкімшілік жаза тағайындалып, автокөліктері айып тұрағына қойылды.
"Lexus 570" маркалы көліктің 23 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін ҚР ӘҚБтК 596-бабының 3-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік нөмірсіз жүргені үшін 590-баптың 2-бөлігі бойынша және 590-баптың 10-бөлігіне сай (көліктің алдыңғы терезесін қараңғылау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінеді облыстық ПД баспасөз қызметі хабарламасында.
Осы автокөліктің алдыңғы жолаушысы, 21 жастағы ауыл тұрғыны отырған орнында қарумен жоғарыға оқ атқаны үшін ҚР ӘҚБтК 436-бабының 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылды. Содан кейін тағы оқ атқан Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК 436-бабының 1-бөлігімен және ҚР ӘҚБтК 484-бабының 1-бөлігімен (Қаруды сақтауға iшкi iстер органдарының рұқсаты бар адамдардың азаматтық қаруды тасымалдау ережесін бұзу) әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар, мемлекеттік нөмірсіз жүргені үшін ҚР ӘҚБтК 590-бабының 2-бөлігімен, ҚР ӘҚБтК 230-бабының 2-бөлігімен (ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзуы), ҚР ӘҚБтК 590-бабының 9-бөлігімен (Мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару) әкімшілік хаттама толтырылды. Аңшы мылтығы тәркіленді.
Одан бөлек, жолдың қарсы бағытына шығып, дрифт жасағаны үшін Меrcedes-benz S55 автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігімен, ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабының 2-бөлігімен (ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу), 630-бабының 1-бөлігімен (Жол жабындысын бүлдіру) әкімшілік хаттама толтырылды. Істің барлық материалдары аудандық сотқа жолданатын болады.
Полиция қызметкерлері осы той кортежіне қатысқан басқа да автокөлік иелерін анықтап, ұстау бойынша шаралар жүргізіп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!