Қостанай облысы Амангелді аудандық сотында күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің әріптестері марқұм әйел жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Олардың айтуынша, күйеуі оған жиі қол көтерген.
Қостанай облысы Амангелді аудандық сотында күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің әріптестері марқұм әйел жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Олардың айтуынша, күйеуі оған жиі қол көтерген.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рашид Есмағамбетовтың айтуынша, Жұлдызай Таубаева 2011 жылы дәрігер-анестезиолог болып қызметке келген. "Бірде-бір отаны онсыз жасамайтынбыз. Енді ол қызметкерімізден де айырылып қалдық", - дейді бас дәрігер. Жұлдызай Таубаева наркозға жауап берген екен.
Есмағамбетовтың айтуынша, күйеуі Жұлдызайды жиі ұрып-соққан. Бұл туралы әріптестерінің барлығы білген. "Ол онымен қазан айында ажыраспақшы болды. Бірақ ол келісімін бермей, Жұлдызайды қорқытып жүрді. Содан 28 қаңтарда ол еңбек демалысын алып, әпкесіне кетті. Тек сот отырысына келді. Бұл күйеуінің екінші некесі, оның психикалық ауытқулары жоқ. Олардың артында 4 жасар баласы қалды. Жақсы әйел, жақсы маман әрі жақсы ана еді", - деді бас дәрігер.
Бас дәрігердің айтуынша, қаза тапқан әйелдің артында ата-анасы мен ағалары қалды. Олардың бірі ғалым екен, Қарағанды облысында жұмыс істейді. Ертең жерлеу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, ол әріптесіне материалдық көмектің көрсетілетінін айтты. Айта кетейік, 30 жастағы Жұлдызай Таубаева әкімдік берген пәтерде тұрған. Сондай-ақ, қаза тапқан әйелдің 30 рет пышақталғаны айтылған еді.
Осыған дейін сот залында өз әйелін пышақтап өлтірген ер адамның мектеп мұғалімі болып шыққаны хабарланған болатын. Сонымен қатар, соттағылардың айтуынша, өз әйелін пышақтаған ер адам Арқалық мемлекеттік институтын "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша бітірген, Амангелді орта мектебінде мұғалім, дзюдомен айналысады екен.
Қайғылы оқиға кеше болған еді. "Шын мәнінде, кісі өлтіру дерегі болды. Қайғылы оқиға Амангелді аудандық сотының ғимаратында болған. Олар ажырасқысы келген. Ер адам әйелін пышақтаған", - деп хабарлаған еді полицейлер.