Сирияда террорлық топқа мүшелік еткен Марат Өмірзақовқа қатысты сот үкімі шықты. Солтүстік Қазақстан облысының теріс ағымды ұстанған тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Сирияда террорлық топқа мүшелік еткен Марат Өмірзақовқа қатысты сот үкімі шықты. Солтүстік Қазақстан облысының теріс ағымды ұстанған тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Петропавл қалалық соты берген мәліметке сәйкес, Марат Өмірзақов 2012 жылы Сирияға заңсыз жолмен өткен. Ол үкіметке қарсы террорлық актілерді ұйымдастырған "Әл-Мухаджерин Валь-Ансар" атты топқа мүшелік еткен.
Судьяның айтуынша, сотталған азамат террорлық актілерге тікелей қатыспаса да, аталған ұйымның шекарасын күзетіп, барлау жұмысын жүргізген. 2015 жылы Түркияға жасырын жолмен өтіп, осы елдің миграциялық заңын бұзғаны үшін құрықталған болатын. Кейін 2016 жылдың 14 қаңтарында Қазақстанға депортацияланды.
"1969 жылғы Өмірзақов Марат Ескендірұлын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 233-бабының 2-бөлімі бойынша кінәлі деп табылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сотталған азамат жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтесін. Дәйек заттар ретінде қолданылған дискілер мен газеттің көшірмелері қылмыстық істің ішінде сақталсын", - деп оқыды үкімді Петропавл қалалық сотының судьясы Михаил Гусев.
Ал Өмірзақовтың қорғаушылары сот үкімімен келіспейтіндіктерін айтады. Адвокаттың пайымдауынша, сотталған азамат Сирияға мүлдем аяқ баспаған. Жақтаушы тарап Марат Өмірзақовқа тағылған кінә негізсіз деп отыр.
"Куәгерлер ретінде сотталып кеткен кісілерді алған. Басқа дәлелдемелері жоқ. Одан басқа қылмыстық істе Марат Өмірзақовтың қолында Ислам дінін насихаттайтын материалдар табылды делінген. Бірақ бұл басылымдар заңсыз деп танылмаған. Біз соттың үкімімен келіспейміз. Апелляциялық сотқа арыз жазамыз", - деді Марат Өмірзақовтың адвокаты Қуандық Мұхамедьяров.