Қызылорда облысында кісі өлімі туралы жалған ақпарат таратқан арандатушы ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда ОІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ол өз кінәсін мойындап отыр.
Қызылорда облысында кісі өлімі туралы жалған ақпарат таратқан арандатушы ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда ОІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ол өз кінәсін мойындап отыр.
"Биыл 1 мамырында әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласындағы наразылық акциясында қайтыс болды делінген қан жоса болған ер адамның мәйітінің фотосуреті тарап кетті. Қызылорда облысы ішкі істер департаменті аталған ақпарат шындыққа сай келмейтінін, жалған әрі арандатушылық сипатқа ие екендігін анықтады. Сонымен қатар, бұл фотосурет өзге мемлекетте болған оқиғаны бейнелейді әрі Қазақстан Республикасына ешқандай да қатысы жоқ. Аталмыш дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған болатын", - деп еске салды полициядағылар.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жедел-іздестіру жұмыстары барысында аталған ақпаратты Алматы қаласының М.Жақауов есімді тұрғыны таратқаны анықталып, азамат ішкі істер департаментіне жеткізіліп, одан күдікті ретінде жауап алынған. Жауап алу барысында күдікті азамат өз кінәсін мойындаған.
"Сол күні-ақ күдікті азамат Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес Қызылорда ҚІІБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.