Қызылорда тұрғыны әйел адамды өлтіріп, оның көлігі мен басқа да заттарын ұрлап кеткені үшін 16,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қызылорда сотындағылар айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Осы іс бойынша барлығы үш ер адам сотталды.
Қызылорда тұрғыны әйел адамды өлтіріп, оның көлігі мен басқа да заттарын ұрлап кеткені үшін 16,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қызылорда сотындағылар айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Осы іс бойынша барлығы үш ер адам сотталды.
Соттың мәліметінше, сотталушы жәбірленушіден қаладағы банктердің біреінен ірі көлемде несие қаражатын алуға көмек беремін деп, несие рәсімдеу үшін керек деп одан 225 000 теңге алған. Алайда, қаражатты сотталушы өз пайдасына жаратып жіберген. 3 қазанда жәбірленуші несие ала алмаған соң, сотталушыдан ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ сотталушы аталған қаражатты қайтармай, жәбірленушіні буындырып өлтіріп, оның құны 139 000 теңге тұратын ұялы телефонын жымқырып, автокөлігін заңсыз иемденіп алған.
"Сотталушы мәйітті өртеп, С-ға хабарласып, оған таза киімдер әкеліп беруін өтінген. С. келген соң, екеуі автокөлікті ОҚО Түркістан қаласына апарып, үшінші сотталушы Т-мен хабарласып, автокөлікті өткізуге көмек сұраған. Өз кезегінде сотталушы Т. жасалған аса ауыр қылмыстан бейхабар болған, бірақ көліктің қылмыстық жолмен табылғанын біліп, жәрдемдесуге келісім берген. Сотталушы С. болса, Түркістан қаласына келген соң, болған оқиға жайлы білген. Алайда, ол бойынша құқық қорғау органдарына хабарламаған", - деп хабарлады соттағылар.
Мұнымен қоса, сотталушының жәбірленушінің ұялы телефонын 50 000 теңгеге сатып жіберіп, өз пайдасына жаратып, сотталушы Т-мен автокөлікті сатып алатын адамдарды іздеп жүрген жерінен Түркістан қаласында ұсталғаны айтылады.
Сот үкімімен сотталушы Н. ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 8) тармағымен (пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіру), 188-бабының 1-бөлігімен (ұрлық) кінәлі деп танылып, түпкілікті 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді.
Сотталушы С. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 434-бабымен (жасалғаны анық белгілі аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуге деп белгіленді.
Сотталушы Т. ҚР Қылмыстық Кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты оған қатысты қылмыстық іс қысқартылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.