Маңғыстауда жаза өтеуші әлеуметтік желі арқылы танысқан әйелді қылмыс жасауға итермеледі, - деп хабарлайды Лада.kz басылымы Ақтау қалалық сотына сілтеме жасап.
Маңғыстауда жаза өтеуші әлеуметтік желі арқылы танысқан әйелді қылмыс жасауға итермеледі, - деп хабарлайды Лада.kz басылымы Ақтау қалалық сотына сілтеме жасап.
Ақтау қаласында тұратын әйел қылмысқа колонияда жазасын өтеп жатқан адамның итермелеуімен барғаны үшін сотталды. Әйел онымен әлеуметтік желілер арқылы танысыпты. Іс материалдарына қарағанда, виртуал таныстық қызығушылыққа ұласқан. Ақтаудағы дүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс істейтін 38 жастағы әйел сүйіктісіне барып тұратын болған. Сол барған кездерінде 27 жастағы қылмыскер оны қылмыс жасауға көндіреді. Алаяқтықтың нысаны 90 мың теңге тұратын iPhone ұялы телефоны болады. Әйел бұл телефонды бір азаматшадан сатып алмақ болып келіседі.
Келіскен уақыттарында қылмыскер бостандықтағы ғашығын оқиға орнына жібереді. Уағдаластық бойынша, әйел ұялы телефон сатып жатқан келіншекпен кездесіп, оны өз үйінде қалдырып, ақша үшін шығып кетуі керек болады. Ал орта жолда ол қашып кетуі керек. Алайда ұялы телефонын сатқысы келген келіншек сатып алушымен бірге бармақшы болады. Жоспары жүзеге аспай қалған әйел дереу қашқысы келеді, бірақ одан күдіктенген келіншек жібермей қояды. Осылайша, абақтыда отырған адамның жоспары жүзеге аспай қалды.
Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, сот тыңдауы кезінде түрмедегі ер адам жаңадан танысқан әйелді қылмысқа итермелегенін мойындады. "Әйел де өзінің бар кінәсін мойындады. Бұл жағдайлар сотталушылардың жазасын жеңілдетті. Алайда ер адамның әрекеті рецидивке жатады, себебі ол жасаған қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан", - деді сот өкілдері.
Ер адам кінәлі деп танылып, екі жыл бір айға қатаң режимдегі колонияға бас бостандығынан айырылды. Оның айдауымен қылмысқа барған әйел де кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан шектелді. Осы уақыт бойында ол мамандандырылған органның рұқсатынсыз тұрғылықты мекен-жайын, жұмысын және оқу орнын ауыстыра алмайды, сонымен қатар, арнайы органның рұқсатынсыз шетелге кете алмайды.