Маңғыстау облысында шекараны заңсыз кесіп өткен Ресейдің бес азаматы сотталды, - деп хабарлайды "Актау Бизнес".
Маңғыстау облысында шекараны заңсыз кесіп өткен Ресейдің бес азаматы сотталды, - деп хабарлайды "Актау Бизнес".
Дағыстан азаматтары Каспий теңізі айдынында мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен. "Аспалы моторы бар су көлігімен Қазақстан аумағына өткен кезде, оларды еліміздің Шекара қызметі ұстады. Ұсталғандар балықты заңсыз аулауды ойластырған", - дейді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Рустам Нәбиев.
Сот ер адамдарды "Шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша айыпты деп танып, әрқайсысына біржарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Айта кету керек, заң бұзғандарды ұстау кезінде олар шекарашылардан Каспий теңізінің бейтарап аумағына қарай қашып кетпек болған. Шекарашылар оларды бір сағат бойы қуып, ақыры шақыртылған тікұшақтың және ескерту оғының көмегімен ұстады.
Кейін істі сотталғандардың шағымы бойынша апелляциялық инстанция қарады. Бірақ соттың үкімі заңды әрі негізді деп танылды. Үкім күшіне енді. Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Қырғызстан азаматшасының ұсталғаны хабарланған болатын. Әйел шекарадан туысқанының төлқұжатымен өтуге тырысқан.