Оралда сау ер адам 25 жыл жындыханада және 4 жыл құлдықта болып келген, - деп хабарлайды Uralskweek.kz басылымы.
Оралда сау ер адам 25 жыл жындыханада және 4 жыл құлдықта болып келген, - деп хабарлайды Uralskweek.kz басылымы.
Тасқала ауданының тұрғыны Виктор Скворцов дені сау болғанына қарамастан ширек ғасыр психиатрлық емханада өмір сүрген. Ол өзінің дені сау екенін сотта дәлелдеді. Ер адам осы уақыт бойы мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алмай келіпті. Скворцовты емхана қызметкерлері 1985 жылдан 2011 жылға дейін далаға шығармай келген. Бұдан кейін психикалық денсаулық жөніндегі облыстық орталықтың басшылығы өз емделушісін Орал қаласының бір кәсіпкеріне береді. Кәсіпкер өз кезегінде қарияны 4 жыл бойы әр түрлі жұмыстарға жегіп қойған.
Скворцовтың мәжбүрлі еңбек жолы өткен жылы, ауыр жұмыстан денсаулығы сыр беріп, облыстық ауруханаға түскенде тоқтады. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалып, күш түсіретін жұмыстарды істеуге тыйым салды. Осыдан кейін жеке кәсіпкер оны үйінен қуып шығады.
"Осы жылдар бойы қожайын мені тегін жұмыс күші ретінде пайдаланып келді, тамақ алуға және моншаға түсуге ақшаны сирек беріп тұрды. Одан жалақы алмадым, себебі ол дәрігерлерге маған құжат әперемін, баспана беремін деп жындыханадан шығарып алды. Мені қуып шыққаннан кейін ешқандай да құжаттың жасалмағанын білдім", - деді Виктор Скворцов.
Баспанасы мен құжаты жоқ Виктор Скворцов осы уақытта облыстық психикалық денсаулық орталығына қайта барған кезде дәрігерлер оны қайта қабылдамай қояды. Осыдан кейін ер адам бір кездері өзінің шешесі тұрған Тасқала ауданының Шипово ауылына қоныс аударады. Ауылына барған ол шешесінің 2001 жылы қайтыс болғанын біледі, ал үйін басқа біреулер иемденіпті.