Орал қаласында бейнебақылау камералары арқылы тонау қылмысы ашылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі БҚО ІІД жергілікті полиция қызметіне сілтеме жасап.
Орал қаласында бейнебақылау камералары арқылы тонау қылмысы ашылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі БҚО ІІД жергілікті полиция қызметіне сілтеме жасап.
2017 жылғы 29 маусым күні сағат 14:40 кезінде кезекші бөлімге белгісіз біреулерден он минут бұрын Әбілқайыр хан даңғылы бойында болған тонау қылмысы туралы хабар келіп түседі. Орал қаласының 1988 жылғы тұрғыны оқиғанының құрбанына айналды. Оқиға Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы 101-үйдің жанында болған. Белгісіз екі жігіт бір қыздың қасынан өте бере кулоны бар алтын алқасын жұлып алып қашқан.
Бұл ауданда орнатылған бейнебақылау камералары арқылы күдікті туралы толық сипаттама алуға мүмкіндік туды. Орал қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция қызметкерлері оқиға болған жерді тексеру барысында жәбірленушінің сипаттауымен аталған қылмысқа барған екі тонаушыны "оқиға ізін суытпай" қолға түсірді.
Полицейлердің айтуынша, қазіргі уақытта Орал қаласында бейнебақылау камераларының саны артып келеді екен, бұл көше қылмыстарымен күресуде маңызды рөлге ие. Камералар тынымсыз қозғалыс орны болған көше қиылыстарында ғана емес, сондай-ақ, тұрғын үйлердің аулаларына, мектеп аулаларына да орнатылуда.
Биылғы 6 айда облыс аумағында тонау қылмысының саны 231-ден 174 фактіге дейін азайса (24,7 пайыз), яғни, қылмыстың ашылуы 72,6 пайыздан 86,9 пайызға дейін артты. Сондай-ақ, бұзақылық қылмыстарының саны 274-тен 196 фактіге азайды, қылмыстың ашылуы 80,3-тен 87 пайызға дейін жетті.