Аяғы ауыр әйелі мен өгей балаларын отағасының өзі қасақана өлтірді деген айып әдейі тағылуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. тілшісі. Орын алған қылмыстық оқиғаға қатысты кезекті болжамды 11 сәуірде өткен брифингте Павлодар облысы прокурорының орынбасары Қуат Артықбаев мәлімдеді.
Аяғы ауыр әйелі мен өгей балаларын отағасының өзі қасақана өлтірді деген айып әдейі тағылуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. тілшісі. Орын алған қылмыстық оқиғаға қатысты кезекті болжамды 11 сәуірде өткен брифингте Павлодар облысы прокурорының орынбасары Қуат Артықбаев мәлімдеді.
"Бұл қылмыстың өте ауыр түріне жатады. Себебі онда аяғы ауыр әйел мен оның балаларын да өлтірген. Қазіргі таңда осы қылмысты ашудың сан түрлі жолдары қарастырылуда. Бұл оқиғаға басқа біреулердің де қатысы болуы мүмкін деген болжам бар. Себебі, асылып өлген отағасының денесінде де пышақ жарақаты болған", - деді Қуат Артықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда оқиға орнынан табылған хатты сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. "Біз қылмыстық оқиғаның анық-қанығына көз жеткізбей бар кінәні асылып өлген отағасының мойнына арта салмаймыз. Қылмыстың орын алуына не себеп болғанын тергеу амалдары анықтай жатар. Жауап алынған көршілері мен туыстарының айтуынша, бұл отбасының табысы орташа, ел қатарлы өмір сүрген. Алайда әйелдің бірінші күйеуден жолы бола қоймапты. Себебі, оның алғашқы күйеуі ішімдікке әуес болған екен. Ал әйел екінші рет Омск облысынан көшіп келген азаматқа тұрмысқа шыққан. Екінші күйеуі әйелдің балаларын туғанындай асыраған. Ол күні шындығында не болғанын біз анықтайтын боламыз және көпшілікті тергеу қорытындыларымен жүйелі түрде таныстырып отырамыз. Қалай болғанда да бұл қылмыстың анық-қанығын анықтаймыз", - деді Артықбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қаза болған отбасы тұрған үйден өлім алдындағы хат табылған. Анықталған ақпарат бойынша, мәтінде әлдебіреу оларды кешіруін және қарыздарын қайтаруын сұрайды. Бұл жерде әңгіме қаза болған отбасының дүкендегі қарызы туралы болып отырған жоқ. Өлім алдындағы хатты кім және қашан жазған, оны сарапшылар анықтайтын болады.
Еске сала кетейік, Павлодар ауылындағы жеке үйлердің бірінде ер адам мен әйелдің, сондай-ақ екі баланың денесі табылған болатын. Қаза болғандарды 6 сәуір күні отбасы жалға алған үйдің иесі тапқан. Полицияның мәліметінше, бес жасар ұл мен алты жасар қыздың пышақталған денесі кереуеттің үстінен табылған. Сонымен бірге балалардың 35 жастағы анасы да пышақ жарақатынан қайтыс болған.
Қаза болғандардың достарының айтуынша, бұл әйелдің екінші некесі, ал балалары - бірінші некеден туған. Әйел мен екі баланың өліміне қатысты "Кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.