Павлодар балабақшасында бөтен балаларды ұрып-соққан әйелге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар балабақшасында бөтен балаларды ұрып-соққан әйелге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қалалық қылмыстық істер сотында төрт жасар Мирас пен оның алты жасар әпкесі Айгерім Шәкәрімді ұрып-соққан әйелге қатысты іс аяқталды. Сотқа балалардың шешесі Гүлзира Альпаттина арызданған.
"Сот 30 жастағы павлодарлық Жанна Баймолдинова "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру" бабы бойынша айыпты деп танылып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (56 мың 725 теңге) айыппұл салынсын", - деп оқыды үкімді Жұлдыз Тілегенова. Сонымен қатар, сот Баймолдинованы арызданушыға моральдық шығын ретінде 100 мың теңге төлеп беруге міндеттеді.
Қылмыстық істің материалдарына қарағанда, оқиға биыл қаңтар айында № 16 балабақшасында болған. Арызданушының сөзінше, оның баласы ойнап отырып, ағаш ойыншықты басқа баланың басына лақтырған. Басына ойыншық тиген бала жылап, тәрбиеші оның шешесіне хабарласқан. Шешесі балабақшаға дереу келіп, дау шығарып, топ тәрбиешісін "қылғындыруға" тырысқан, кейін оның балаларын ұрып-соққан. Соққыға жығылған қыз бен бала шешесіне бөтен әйелдің келіп, киімінен жұлқылағанын, жамбасынан ұрғанын, шапалақпен бетінен ұрғанын, итеріп құлатқанын, аяғымен тепкенін айтып берген.
Келесі күні таңғы уақытта Гүлзира Альпаттина полицияға хабар берген. Балаларға сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, Мирастың денесі көгеріп, беті мен аяғы қанталаған, ал әпкесінің жамбасы қанталаған. Сарапшылар бұл жарақатты орта деңгейлі деп бағамдапты. Сот-психологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша, балалар қатты уайымдап, ашуға берілгіш болып, дыбыстардан, қараңғыдан және жабық кеңістіктен қорқатын болған.
Сотқа шақыртылған сарапшы зардап шеккен балалардың қиялдауға бейім емес екенін және біреудің оларды ұрып-соққанын ойдан шығармағанын растап берді. Сотталушының адвокаты болса балалардың жарақатты даулы оқиғадан бұрын алған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Қорғалушы тарап тәрбиешілердің сөзіне сүйене отырып, арызданушы әйелдің баласы өте ерке екенін, топта ойыншықтар мен орындықтарды лақтыратынын, сабақтарды үзетінін және басқа балалардың ата-анасы үнемі шағымданатынын айтты.
Алайда сот қорғалушы тараптың бұл сөздеріне де, ұрып-соғу әрекеті болды деп, біресе болмады деп көрсетпесінен айнып қалған балабақша тәрбиешісінің сөзіне де күмәнмен қарады. Сот тыңдауында бақылау камерасына түсірілген видеоны көрсету мүмкін болмаған, себебі ондағы видеожазба өшірілген. Зардап шеккен балалардың шешесінің айтуынша, оның балалары бірнеше айдан бері үйден шықпайды. Әйел осы оқиғадан кейін балалардың балабақшаға баруға қаймығып қалғанын айтып отыр.
"Сот әділ шешім шығарды деп есептеймін. Балам мен қызым әлі де психологқа қаралып жүр, бірнеше рет невропатологқа бардық. Оларға бұл ауыр жарақат", - деді Альпаттина.
Ал өз кезегінде сотталушы әйел үкіммен келіспейтінін және шешімге шағым түсіретінін айтты.