Павлодар облысында алимент төлемеген көпбалалы ана қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Железинск аудандық сотына сілтеме жасап.
Павлодар облысында алимент төлемеген көпбалалы ана қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Железинск аудандық сотына сілтеме жасап.
Соттың мәліметінше, бес баланың 44 жастағы анасы алимент төлемеген адам ретінде бір тәулікке қамауға алынған. Соттағылардың айтуынша, Кузьмино ауылының тұрғыны сегіз жылда өз балаларына екі миллион теңгеге жуық қарыз болып қалған.
"Әйел 2008 жылдан бері соттың бұйрығын орындамаған, оған 2008 жылы кәмелетке толмаған бес балаға алимент өндіру туралы бұйрық берілген. Алименттің жалпы сомасы 1 937 408 теңге", - деп хабарлады сот өкілдері.
Осы жылдар бойы балаларын 63 жастағы әжесі бағып келіпті. Әжесі алимент төлетуге арыз берген.
"Келінім үйден кетіп қалғанда, балалар 4-5 жаста еді. Қазір олар 12-13 жаста. Ол өзі көрші тұрса да балаларының қалай өмір сүріп жатқанын сұрап келген де жоқ. Оған керегі жоқ", - дейді Ольга Морозова.
Балалардың екеуі кәмелет жасына жетіпті. Сотта әйел материалдық жағдайының жоқтығын және жұмыс таппай жүргенін айтқан.
Еске салайық, бұл өңірде осыған ұқсас тағы бір жағдай болды. Павлодар облысында алты баланың әкесі Ержан Ибраев әйелін алимент төлемегені үшін жазалауды сұрап отыр.
Ер адамның айтуынша, бұрынғы әйелі бір жарым жылдың ішінде бір жарым миллион теңге қарыз болған. "Оның Павлодарда ер адаммен бірге пәтер жалдап тұрып жатқанын білемін. Жұмыс істейді, көлік сатып алған, оны азаматтық некедегі күйеуінің атына жаздырған. Оның табыс көзі бар, бірақ ол алимент төлеуден бас тартып отыр. Сондықтан мен прокуратура мен сот орындаушысына шағым жазып, оны қылмыстық жауапкершілікке тартылуын сұрап отырмын", - дейді 59 жастағы ер адам. Әйелі екі жыл бұрын ажырасқан, ол кезде кенже қызы екі жасқа да толмапты. Сол уақыттан бері жалғыз әке балаларын асырап келеді екен. Бұрынғы әйеліне екі мәрте іздеу жарияланыпты, биылғы сәуірде ол ұсталып, бес тәулікке қамалған. Мерзімін өтеген әйел жасырын номерден бұрынғы күйеуіне телефон соғыпты. Әйел ешқандай да ақы төлемейтінін мәлімдепті. Айта кетейік, көпбалалары отбасы сал ауруына шалдыққан ортаншы баласы мен көпбалалы әкеге берілетін жәрдемақыға күн көріп отыр. Ер адам жұмысқа тұрғысы келетінін, бірақ балаларына қарайтын адамның жоқтығын айтады.