Павлодар қаласы ПБ көші-қон полициясы бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін сотталды. Оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы ПБ көші-қон полициясы бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін сотталды. Оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының №2 сотының баспасөз қызметі мәліметінше, полицияның экс-капитаны былтыр 21 маусым мен 28 желтоқсан аралығында шетелдік азаматтан пара алған. Түскен ақшаның жалпы сомасы 162 мың теңге. Айыпталушы Қазақстан аумағында уақытша тіркеу туралы куәліктерді бергені және көші-қон режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпағанына ақшалай сыйақы алған.
Сотта бұрынғы полиция қызметкері кінәсін мойындап, айыппұл өндіруді сұрады. Ал прокурор болса төрт жыл бас бостандығынан айыру мерзімін талап етті.
"Пара алғаны үшін негізгі жаза - айыппұл немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Үкімді шығару кезінде сот жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, кінәсін толық мойындау және келтірілген залалды өтеу, өкіну, қылмыстық құқықбұзушылықты ашуға белсенді көмек көрсету, сондай-ақ асырауында екі баланың болуы, оң мінездемелерін ескеріп, ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан және полиция капитаны арнаулы атағынан өмір бойына айырылды", - деді соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Бұрынғы полицей жазасын орта қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Сот үкім әлі заңды күшіне енбегенін атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!