Павлодарда орталық полиция бөлімінде ұсталған 23 жастағы павлодарлықты ұрып-соққаны үшін экс-полицей сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодарда орталық полиция бөлімінде ұсталған 23 жастағы павлодарлықты ұрып-соққаны үшін экс-полицей сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот бұрынғы тәртіп сақшысын күш қолдану арқылы лауазымын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды. Оны полиция сержанты атағынан айырып, бес жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.
Сот үкімінде сотталушы Павлодар ПБ Орталық полиция бөлімі ғимаратын күзету тобы полицейі бола тұра, қылмыстық құқықбұзушылыққа барғаны көрсетілген.
Оқиға 2019 жылы тамызда полиция бөлімі ғимаратында болған. Тойдан шыққан екі ер адам осы бөлімге жеткізілген. Сотта жастарды полицияға тек жергілікті айықтыру бөлімдерінде бос орын болмағандықтан әкелгені анықталды. Үкімде жігіттің біреуі ұйықтап қалғаны, ал екіншісі үйге қайтқысы келетінін айтып, полиция қызметкеріне жалынғаны жазылған. Бұл әрекеті полицейдің ашуына тиген.
"Полицей айыпталушыны №1 бөлімге кіргізіп, есікті ішінен жауып, оның басынан екі алақанымен бірнеше рет соққы жасады. Соққыдан жәбірленуші жерге құлап қалған. Соған қарамастан еденде жатқан ер адамды оң және сол жақ белінен бірнеше рет тепкен", - делінген сот үкімінде.
Осыдан кейін тәртіп сақшысы бөлмеден бірнеше минутқа шығып кетеді. Кейін қайтып келіп, ұрып-соғуын жалғастырады. Тек таңға жуық жігітті үйіне жіберген.
Сот процесі барысында экс-полицей кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Ол жәбірленуші полицияға сол күйде жеткізілгенін мәлімдеді. Алайда жігітті бөлімшеге жеткізген полицей оның жағдайы бірқалыпты, бетінде және денесінде ұрып-соғу белгілері болмағанын айтты. Мұны басқа куәгерлер де растады. Сот сарапшысы қорытындысы бойынша жәбірленушіге кемінде жиырма төрт соққы жасалғаны анықталды. Ми жарақатынан басқа, бетінде, денесінде және қолында көптеген ісу және көгеру белгілері болған.
Экс-полицей жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, сот оны жәбірленушіге моральдық зиян келтіруіне байланысты 400 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!