Қазақстандық әйел жаңа туған қызын 800 мың теңгеге сатпақ болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әйел баланы өткізіп, ақша алып жатқан сәтінде ұсталды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны жүктіліктің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы сатып алушылар іздеген.
Оның әрекеті жедел уәкілдердің назарына ілігіп, олар қылмыстық ниетті құжаттап, жағдайды бақылауға алған.
Босанғаннан кейін әйел жаңа туған сәбиді ақшалай сыйақыға бермек болған кезде қолға түсті.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Полиция өкілдері дер кезінде жасалған әрекеттің арқасында бала үшін ауыр салдардың алды алынғанын атап өтті. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы "Кәмелетке толмағандар саудасы" бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жаңа туған нәресте дәрігерлердің бақылауында, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы анықталады. Құқықтық баға заңға сәйкес берілетін болады", - деді Павлодар облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Полиция адам саудасына, әсіресе балаларға қатысты кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қойылатынын ескертеді.
Айта кетейік, күдіктіге мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.