Сот Павлодарда кафе қонақтарын ұрып-соққан "Элекор Күзет" фирмасының екі қызметкерін қамауға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодардың №2 сотына сілтеме жасап.
Сот Павлодарда кафе қонақтарын ұрып-соққан "Элекор Күзет" фирмасының екі қызметкерін қамауға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодардың №2 сотына сілтеме жасап.
Сот қызметкерлерді екі айға қамауға алу туралы шешім қабылдады, яғни 4 желтоқсанға дейін. Соттағылардың айтуынша, тергеу органдары осы оқиғаға қатысқандардың жасырынып кетуі мүмкін екеніне алаңдап, бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу туралы өтініш білдірген.
Айта кетейік, екі күзетші "Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану" бабы бойынша айыпталып отыр.
Еске салайық, Павлодарда автомат асынғандардың ер адамдарды аяусыз ұрып-соққан видеосы пайда болған еді. Ролик кадрларында автомат асынған және форма кигендер кафелердің бірінде ер адамдарды аяусыз ұрып-соққаны көрінеді. Видеоға түсіріп отырғандар оларды сабырға шақырады. Алайда олар құлақ аспайды.
Ал кейінірек Павлодарда кафеге келушілерді ұрып-соғу оқиғасына қатысты ІІМ басшысы пікір білдірген болатын. "Нақтысын айтайын. Кафе күзет құрылымымен келісімшартқа отырған, күзет құрылымының лицензиясы бар, қарулануға да лицензиясы бар. Шын мәнінде ішіп алған жігіттер есеп айырыспай, кетуге асыққан. Күзетшілер келіп, оларды төлеуге мәжбүрлеген. Осыдан кейін әр тараптың өз шындығы бар. Біреулері қаруды алып қоя жаздады, тіпті оғын алып қойды дейді. Қазір бұл іс тергеліп жатыр. Сондықтан қандай да бір пікір айту қиын. Жауап алынады, бетпе-бет жүздестіреді. Барлық видеоматериал зерттеледі", - деді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов үкімет отырысының барысында. Сонымен қатар, кафе қонақтарын ұрып-соққан күзетшілер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін екені де хабарланған еді.