Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта полиция қызметкері Арли Харкидің өліміне қатысты іс басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта полиция қызметкері Арли Харкидің өліміне қатысты іс басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл іс бойынша Павлодардың 33 жастағы тұрғыны айыпталып жатыр. Оған "Пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру ісі", "Қару қолдану арқылы жасалған тонау әрекеті" және "Күш көрстеу арқылы қаруды алып кету" баптары бойынша айып тағылып отыр.
Айыпталушы өз кінәсін жартылай мойындап, қылмыстық іске барған кезінде ашулы болғанын айтты. Айта кетейік, сот процесі қаза тапқан адамның әйелінің келмеуі себебінен бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Күйеуін жерлегеннен кейін жас әйел кішкентай баласымен бірге Жамбыл облысына кеткен. Ол қазір ата-анасының үйінде тұрып жатыр. 11 қарашада жәбірленуші соттан істі өзінің қатысуынсыз қарай беруді сұрады. Қаза тапқан полицейдің анасы да сотқа қатысудан бас тартты.
Сонымен қатар, әйел шағымын да айтты. "Сотталушы бізден кешірім сұраған жоқ, әрі ешқандай көмек те бермеді. Біз соттың оны лайықты түрде жазалағанын қалаймыз".
Айыптау қорытындысынан ер адамның құмар ойыншы болғаны және ойын автоматынан кезекті рет ұтылып қалғаны анықталды. Үйіне келген ол әйелімен де жанжалдасып қалады. Осыдан кейін ер адам әпкесінің үйіне түнеуге кеткен. Келесі күні ол әйеліне қайта қоңырау шалып, үйге оралуға рұқсат беруін сұрайды. Дегенмен әйелі оған келіспеген.
"21 маусым күні сағат 20.00 шамасында айыпталушы әпкесінің үйінен кетіп қалады. Оған полиция қызметкерінен қару алу туралы ой келеді. Осы мақсатта ол полиция бекетіне кіріп, ол жерде артық адамның жоқ екенін анықтайды. Полицейдің жалғыз екенін білген ол оның жүрек тұсына, мойнына пышақ сұғып алады", - деп жазылған айыптау қорытындысында.
Жараланған полицей қарсылық білдіре отырып айғайлаған. Дегенмен ер адам оның ауызын жауып, пышақ сұғуын жалғастыра берген. Төбелес кезінде полицей шабуыл жасаған адамның пышағын алып үлгереді. Дегенмен ол полицейді жұдырығымен ұрып, Макаров тапаншасы мен оқ-дәрі салынған оқжатар талап еткен. Қарудың жоқ екенін білген ол оқиға болған жерден қашып кетеді, ал полицей бірнеше минуттан кейін қайтыс болған. "Полицей формасын киген ер адам полиция бекетінен айғайлап шығып, көмек сұрады. Кейін есін жоғалтып, тротуарға құлады. Біз оған алғашқы көмек көрсетпекші болдық. Дегенмен оның мойнынан қан ағып жатты. Көйлегін шешкен кезде бірнеше жарақаттың бар екенін білдік", - деді куәгерлер.
Қылмыскерді анықтауға жергілікті тұрғындар және айыпталушы ер адамның туыстары көмектескен. Күдікті Павлодардың вокзалынан ұсталды. Ұсталған адам әрекетін өзін өлтіру үшін табель қаруын алғысы келгендігімен түсіндірді. Дегенмен алдын ала сот отырысы кезінде ашумен осындай әрекетке барғанын айтты.