Павлодарда өзін банк қызметкері деп таныстырған алаяқ 89 жастағы зейнеткердің 2 миллион теңгеден астам қаражатын тонап кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодарда өзін банк қызметкері деп таныстырған алаяқ 89 жастағы зейнеткердің 2 миллион теңгеден астам қаражатын тонап кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияға қаланың 89 жастағы зейнеткері хабарласып, 1 наурыз күні 30-35 жас аралығындағы белгісіз біреудің өзін банк қызметкері деп таныстырғанын айтты. Алаяқ әйел кейуанаға соңғы айда зейнетақының дұрыс түспегенін, сондықтан қосымша 2 мың теңге көлемінде ақша жіберілгенін ескерткен. Бұдан кейін ол қариядан бір құжатқа қол қоюды сұрайды. Алаяқ ақша купюраларын қолдан жасау жағдайлары көбейіп кеткенін айтып, үйдегі бар ақшаны түгелдей тексеріп алуды ұсынады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, осы кезде зейнеткер өзінің жинаған бар ақшасы - 3600 евро, 3 мың доллар және 1 миллион теңгені "тексертіп алуға" береді. "Банк қызметкері" қарияның көзін ала беріп, қашып кетеді.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция осы қылмысқа қатысты адамды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын өткізіп жатыр. Қазіргі уақытта, тәртіп сақшыларының айтуынша, өңірде осыған ұқсас тағы төрт жағдай тіркелген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде алаяқтықпен айналысқан 4 адамның ұсталғаны хабарланған болатын. Алаяқтар тұрғындардың бір миллион теңгеден астам ақшасын алып кеткен.