"Павлодар облысында полицейді қағып кеткен экс-шенеунік өзіне тағылған айыптаумен келіспеді" деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ертіс ауданы әкімінің бұрынғы аппарат жетекшісі Жанат Сматаев өзіне тағылған "ауыр қылмыс жасады" деген айыппен келіспейтінін айтады.
"Павлодар облысында полицейді қағып кеткен экс-шенеунік өзіне тағылған айыптаумен келіспеді" деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ертіс ауданы әкімінің бұрынғы аппарат жетекшісі Жанат Сматаев өзіне тағылған "ауыр қылмыс жасады" деген айыппен келіспейтінін айтады.
Айыпталушының адвокаты Сергей Яскевич, экс-шенеуніктің полиция қызметкерін байқамағанын және оның жағдайдың құрбаны болғанын алға тартады. "Менің қорғалушымды "Билік өкілінің өміріне және денсаулығына қауіп төндірген қасақана күш көрсету" бабы бойынша айыптап отыр, біз мұнымен келіспейміз. Айыптауда "ол полиция қызметкерін қасақана қағып кеткен, яғни ЖКО кезінде Сматаев саналы түрде полиция қызметкерін көлікпен қақысы келген" делінген. "Егер ол кімді қаққанын көрмесе, онда қандай қасақана әрекет болады" дейді Яскевич
Сотқа қорғаушы ретінде қатысқан айыпталушының әйелі Бибігүл Сматаева күйеуінің мұндай қатаң жазаға лайық емес екенін және тек әкімшілік жазаға тартылу керек екенін айтады. "Менің күйеуім полицейді көрмей қалған. Оның үстіне сол күні жаңбыр жауып тұрған, оған қоса автокөлік салонында музыка ойнап тұрған. Иә, ол полиция көлігін көрген, бірақ бұрын өзін еш тоқтатпайтын болғандықтан, маған сигнал берді деп ойламаған. Оған қоса өзге де көліктер болған. Сондықтан ол тоқтамай жүре берген. Үйге жетпестен тағы бір полиция көлігі тұрғанын көрген ол "облыстан келген полицейлер болса, жүргізушілік куәліктен айырыламын және жұртқа жария болармын" деп тоқтамай кеткен. Өйткені көлікке отырар алдында ол бір шөлмек сыра ішкен. Сот медициналық сараптама "жәбірленушіге жеңіл жарақат жеткен" деп қорытынды жасаған. Сондықтан менің күйеуіме жүргізушілік құқығынан айырып, айыппұл төлетуден артық жаза қолданылмауы тиіс" деп мәлімдеді Сматаева.
Алайда айыптау қортындысында жәбірленуші Александр Нұрмағамбетов өзін қасақана баспақ болғанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда жүргізуші болған жағдайды байқамауы мүмкін емес. Айыптау құжатында "Көлік алдыңғы бамперімен Нұрмағамбетовтің аяғынан қаққан. Салдарынан ол көлік капотынан асып барып алдыңғы терезеге баспен соғылған. Сол сәтте ол өзіне қарап отырған Жанат Сматаевты байқаған" делінген. Оған қоса шетелдік көліктің алдыңғы терезесі шытынап кеткен және алдыңғы мемлекеттік белгісі түсіп қалған.
Мамыр айында экс-шенеуніктің қорғаушысы соттан айыпталушыны екі миллион теңге кепілдемемен босатуды сұраған. Алайда сот қорғаушының өтінішін қабылдамай, айыпталушыны қамауда қалдырған.
Естеріңізге сала кетсек, Павлодар облысы Ертіс ауданы әкімінің бұрынғы аппарат жетекшісі 29 жастағы Жанат Сматаев мас күйінде көлік жүргізіп келе жатып, өзін тоқтатпақ болған полиция қызметкерін қағып кеткен. Жәбірленушіге қарамай, ол оқиға орнынан қашып кеткен, бірақ артынша ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған болатын.
Жәбірленуші учаскелік полиция қызметкерінің көмекшісі болған. Ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілген соң ол үйіне қайтарылған. Ал аудан әкімдігі жол апатына айыпты деп танылған Ертіс ауданы әкімінің бұрынғы аппарат жетекшісінің оқиға орын алардан бірнеше күн бұрын қызметінен босатылғанын айтқан.