Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласының екі тұрғыны билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін айыпты деп танылып, 1,5 жылға бас бостандығы шектелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласының екі тұрғыны билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін айыпты деп танылып, 1,5 жылға бас бостандығы шектелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Полицейлер ұстау кезінде жұдырық ала жүгірген қаланың екі тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Айта кетейік, оқиға өткен жылы 9 желтоқсанда болған еді.
Сәтбаев қалалық сотының мәліметінше, сотталушылар өз кінәсын толығымен мойындап, кешірім сұраған. Сотталушылардың бірі бұрындары осындай қылмыс үшін сот алдына келген, алайда жазасын өтемеген. Сол себепті сот 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Ал бұрындары сотты болған ер адамға тағы алты ай қосып, жазасын жалпы есепте екі жылға созды. Сонымен қатар, сотталғандардың әрқайсысы 120 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Өңірлік ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, екі ер адамның мас күйде ұстау кезінде жанжал шыққан. 2017 жылы 9 желтоқсанда қаладағы дүкендердің бірінде сатушы болып істейтін әйел полицияға қоңырау шалып, екі ер адамның балағат сөздер айтып, дүкен жиһазын сындырғанын айтқан.
Оқиға орнына полицейлер келген уақытта олар құқық қорғау органдары өкілдерін де балағаттап, төбелесуге кіріскен. Полицейлерге бұзақыларды ұстау үшін күш қолдануға тура келген. Осы кезде мас ер адамдардың бірінің анасы мен әпкесі жанжалға араласа бастаған. Әйелдер ер адамдарды қамауға алуға барынша кедергі келтірумен болған. Осы оқиғаның видеосы Instagram желісіндегі Skandal.krg паблигінде жарияланған.