Прокурорлар Сатбаевта болған жаппай тәртіпсіздік бойынша жаңа мәлімет жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Прокурорлар Сатбаевта болған жаппай тәртіпсіздік бойынша жаңа мәлімет жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында былтыр шілдеде Сәтбаев қаласында болған тәртіпсіздіктер туралы іс бойынша сот талқылауы өтіп жатыр. Қылмыстық іс 481 томнан тұрады.
Сот тыңдалымы тергеу изоляторында өтіп жатыр. Сот процесі ашық, бірақ журналистер тек онлайын қатыса алады.
17 наурызда прокурорлар Бекзат Әшімбеков, Шыңғыс Нұрдәулетов және Нұрсұлтан Тамабаев айыптау актісін таныстырды. Құжатта сотталушылар Сәтбаевта жаппай тәртіпсіздік жасап қана қоймай, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, полицейлерді қорлаған және тас лақтырып, бірнеше нысанды қиратты және тәртіп сақшыларының көлігін зақымдады делінген.
Сондай-ақ, кейбір сотталушы бұрын қылмыстық жауапқа тартылғаны белгілі болды. Олардың көбі 24 шілдеде түн ортасында жергілікті полиция бөлімінің көлік тұрағына келген. Беттерін шүберекпен жауып, түрлерін жасырған.
Сотта айтылған айыптау актісіне сәйкес, зақымдалған көліктерді сарапшылар тексерген. Ішінде қалыпқа келмейтіндері де бар. Прокурор Шыңғыс Нұрдәулетовтің айтуынша, қалпына келтіру құны көліктің нарықтағы бағасынан асып түседі. Іс бойынша тыңдау әлі де жалғасып жатыр.
Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік туралы істі талқылау 1 наурызда басталды. 54 айыпталушы бар. Олардың ішінде 48-і ер адам және алтауы әйел. Оларға ҚР ҚК-нің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу", сондай-ақ 380-бабы "Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану" бойынша айып тағылды. Процесті судья Кенжебай Ысқақбаев жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Сәтбаев қаласында 2020 жылдың 23-24 шілдесіне қараған түні бала ұрланып, зорлық-зомбылық көргені белгілі болды. Кейін қалада жаппай тәртіпсіздік басталған. Сәтбаев пен Жезқазған тұрғындары жиналып күдіктіні өздері жазаламақ болған. Олар алаңға жиналып полиция өкілдеріне қарсы шыққан еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!