Шымкентте шетелдік маркалы қымбат көліктерді айдап әкетумен айналысқан 24 жастағы күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкентте шетелдік маркалы қымбат көліктерді айдап әкетумен айналысқан 24 жастағы күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
24 қаңтарда Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының әл-Фараби полиция бөліміне құны 30 мың доллар тұратын Lexus LX 570 автокөлігін белгісіз біреудің айдап әкеткені туралы айтып, 38 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Екі апта өткенде осыған ұқсас арызбен Шымкенттің Қаратау ауданының 48 жастағы тұрғыны полиция бөліміне барып, 82 мың доллар тұратын Toyota Land Cruiser көлігі ұрланғанын айтқан.
"Жедел-іздестіру шарасы барысында Шымкент ҚІІБ әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері қымбат автокөліктерді айдап кетіп жүр деген күдікпен облыс орталығының 1991 жылы туылған тұрғынын ұстады. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, күдікті арнайы электрондық құрылғының көмегімен автокөліктердің есігін ашып, айдап кетіп отырған", - делінген хабарламада.
Полицейлердің мәліметіне қарағанда, жігіт автотұрақтарда тұрған және иесінің қарауынсыз қалған автокөліктерді таңдап, есігін ашу арқылы айдап кетіп отырған және ұрланған көліктерді жалдамалы үйлерде жасырған. Полиция қызметкерлері күдіктіні сол үйлердің бірінің аумағында қылмыс үстінде ұстады.
Ұсталған азаматтың автокөлік ұрлығы бойынша төрт қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ол айдап әкеткен көліктерін сатып, тапқан ақшасын өз қажетіне жаратпақшы болыпты. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі - 300 мың долларға жуық.
"Айдап кеткен екі автокөлік пен электрондық құрылғы айғақ зат ретінде алынды. Күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы - "Автокөліктерді заңсыз айдап кету" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда отыр, тәртіп сақшылары оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.