Таксист Ақтоты Құлбаеваны ұрып-соққан хромтаулық оқушылар сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Таксист Ақтоты Құлбаеваны ұрып-соққан хромтаулық оқушылар сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Екі жасөспірімге қатысты үкім Ақтөбе облысы бойынша жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шығарылды. 16 жастағы Глеб Артемов жалпы режимдегі колонияда сегіз жыл, 17 жастағы Вадим Бедекер жеті жыл жаза өтейтін болады. Сонымен бірге, сот оларға жәбірленушіге 1,5 миллион теңге материалдық шығын төлеуге қаулы етті.
Жәбірленуші Құлбаева соттың шешіміне риза, енді ол үкім өзгертілмейді деп үміттенеді. Әйел басына екі операция жасатуы тиіс, денсаулығының нашарлағанына байланысты ол жұмыссыз отыр, қолында кішкентай баласы бар. Сотталғандардың ата-анасы мен адвокаты Жұмабай Арыстанов соттың шешімімен келіспейді, олар апелляцияға шағымданғалы отыр. Олардың уәжіне қарағанда, балаларға компьютер ойындары мен түрлі фильмдер кері әсер еткен.
Бұған дейін сотталушылардың бірі таксист әйелді сабауды көздемегенін, тек машинамен еркін қыдыруды ғана ойлағанын айтқан болатын. "Мен таксиде келе жаттым, басыма бір ой келді. Оны Бедекерге айттым. Ол келісті, біз оны істедік. Машинада мен өз-өзімді ұстай алмай қалдым, әйелді басынан балғамен ұра бастадым. Қылғындыратын сымды сыныптасыммен бірге гитараның ішегінен жасадық", - деді Глеб Артемов. Ол мұны не себепті жасағанын прокурорға түсіндіріп бере алмады.
Еске сала кетейік, 12 сәуірде Хромтауда такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін келіншекке шабуыл жасалған еді. Жоғарғы сынып оқушылары Глеб Артемов пен Вадим Бедекер 31 жастағы Ақтоты Құлбаеваны аяусыз ұрып-соққан. Оқушылар автокөлікке отырған кезде, олардың бірі әйелдің назарын басқа нәрсеге аударған, сол кезде екіншісі такисті басынан балғамен ұрып, сыммен қылғындырады.
Содан кейін жасөспірімдер Құлбаеваны машинаға салып алып кетеді. Әйел есін жиып, көліктен өзі түсіп қалады. Оқушылар оны қайтып көлікке отырғызбақ болады, бірақ кейін райынан қайтып, кетіп қалады. Шабуылшылар оның ұялы телефонын, екі жұмсақ ойыншықты, автодабыл қағу пультін, күртешені және 2600 теңгені алып кетеді. Көшеде жатқан әйелді қонақүй қызметкерлерінің бірі көріп қалып, полицияға хабарлайды. Келесі күні жасөспірімдер ұсталды.